Атырау, 26 қараша 00:57
 ашықВ Атырау -2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Еңбек дауы

2 884 просмотра

«Синопек Инжиниринг» қытай компаниясының мердігер мекемесі саналатын «Вест Партнершип Констракшн»ЖШС-нің бір топ жұмысшылары серіктестік басшылығының әрекеттеріне қатысты облыстық прокуратураға жазбаша арыз түсірді.

ЖАЛАҚЫ ЖАНЖАЛЫ

«Міндетті зейнетақымыз уақытылы аударылмайды. Еңбекақымыз келісімшартта көрсетілген уақытта төленбейді. Мамыр айының еңбекақысы әлі түскен жоқ. Келісімшарт бойынша көрсетілген жағдайдың бірде-бірі орындалмайды. Онда бес күндік жұмыс күні бекітілген, ал біздер алты күн жұмыс жасап жүрміз. «Вест Партнершип Констракшн»  ЖШС директоры Данияр ШИНЫБЕКОВКЕ бірнеше рет ескертілсе де, ешқандай қорытынды жоқ. Және  директор тарапынан біздерге әртүрлі қысым көрсетіледі. Яғни жұмыстан шығару, жұмыс сағатын кесу, үстімізден ескерту жазу, - деп жазылған онда.

Жұмысшылар 20 маусым күні эстакада құрылысын салып жатқан АМӨЗ басында мамыр айының жалақысы төленуін талап етіп, ереуілге шыққан. Сол күннің ертесіне ақшалары төленіпті.  

Нұрлан МАРДАНОВ, монтаждаушы:

- Менің бұл компанияда жұмыс істегеніме бір жылдай болды. Жалақымызды бұрыннан осылай кешіктіреді. Үлкен айқаймен сұрап аламыз. Жұмыс беруші бес күндік жұмыс кестесін бекіткен. Алайда, жұмысты бастағанда аптасына алты күн жұмыс жасатты.

Жасұлан ТӨЛЕШЕВ, монтаждаушы:

- Бұл жолы мамыр айындағы жалақымыз он күн кешіктіріліп, төленді. Онда да өзіміздің бас көтеруімізден кейін. Бірақ, міндетті зейнетақы төлемдері сәуір, мамыр айларына сол күйі аударылмаған.  Қолымда дәлелдейтін зейнетақы қорынан алынған анықтамам бар. Ал жақында біз жұмыс жасаған «Вест Партнершип Девелопмент» ЖШС атауы өзгерді. Біз мұны білген жоқпыз. Себебі, үш күн ішінде бізге қолымызға «расчетный» беру керек еді. Оны ақыры төлеген жоқ. Енді бізге «отпуск без содержанияға» шығыңдар деп отыр.

«БӘРІН СОЛАР ҮШІН ЖАСАП ЖАТЫРМЫЗ!»

Жұмысшылардың «Вест Партнершип Констракшн» ЖШС-іне ауыстырылғанын «Вест Партнершип Девелопмент» ЖШС және «Вест Партнершип Констракшн» ЖШС-нің директорыДанияр Шиныбеков компания қызметі саласының кеңейгендігімен түсіндіреді.

- Біз енді тек құрылыспен ғана емес, коммерциялық қызметпен де айналысамыз. Бұл екеуінің бағыттары әр түрлі болғандықтан, тағы бір мекеме ашуға тура келді. «Вест Партнершип Девелопментте» бүкіл инженерлік құрам, ал «Вест Партнершип Констракшнде» монтаждаушы, дәнәкерлеуші, электриктер және тағы да басқа құрылыс жұмысшылары қызмет етеді. Мен олардың еңбек құқығы бұзылып жатыр дегенімен келіспеймін. Келісімшарттағы талаптардың бәрі орындалып жатыр. Автобус бар. Тамақ берілуде. Зейнетақы қорына ақшалары төленуде, сыйақылары жүріп жатыр, марапаттау бар. Соңғы үш айдың ішінде жалақылары үш рет көтерілді - 70 мыңнан 90 мыңға, 100 мыңнан 120 мыңға дейін. Жұмысшыларға бүкіл жағдай жасалып жатыр. Тек форс-мажорлы жағдай болып қалып, жұмысшылардың жалақылары 8 күнге кешіктірілді. Маусымның 10-да мамыр айының жалақысын төлеуіміз керек болды. Маусымның 18-де төледік.

Жұмысшылардың арыздарын-да тағы бір жайт айтылады: техникалық қауіпсіздік жөнін-дегі инженердің Сержан ӨМІРХАНОВ деген жұмысшыны жұмыс уақыты кезінде өзінің жеке үйінің құрылысына салғаны туралы.

Шиныбеков бұған былай деп комментарий берді:

- Бұл - екі адамның арасындағы келісім. Оны әңгіме қылудың қажеті қанша?

Алайда, Өмірханов осы факт бойынша жергілікті «Нұр Отан» партиясының филиалына арызданды. 

 

«БІЗ АЙТПАСАҚ, КІМ АЙТАДЫ?»

Атырау облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау Департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы Гүлшат ТУРЕБАЕВА:

- Бұл арыз бойынша облыстық прокуратура 3 шілдеге дейін еңбек заңдылығын бақылау туралы мерзімін белгілеп берді. Бірақ, департаменттегі орын алып жатқан құрылымдық өзгерістерге байланысты министрлік біздің уәкілеттігімізді уақытша тоқтатып тастады. Себебі, қазір еңбек инспекциясы бөлек басқарма ретінде облыстық әкімдіктің қарауына тапсырылмақ. Сондықтан, прокуратурадан арыз бойынша тексеру жұмыстарының мерзімін ұзартуды сұрадық. Осы арызда жазылған фактілердің бәрі қаралады. Әзірге білетініміз, шілденің 20-cы күні жұмысшылар көтерілгенде, «Синопек Инжиниринг» компаниясы сол күні мердігер мекемеге ақшаны аударып жіберіпті. 

Жұмысшылар қазір өз құқығымызды қорғамай, басылып қалсақ, қандайма бір себептермен жұмыстан шығарып жіберетіні анық деп отыр. Жақында жұмысшылардың мұң-мұқтажын әкімшілікке жеткізіп отырған бір бригадирді жұмыстан шығарып жіберіпті.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

4 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.