Осындай тақырыпта Құрманғазы мәдениет сарайында облыстық жас отбасылардың шығармашылық байқауы өтті.
Соңғы жылдары қандайма байқау болмасын әбден мезі болған тапсырмалардан гөрі (таныстыру, өнерлерін көрсету, қолөнер бұйымдарын жасау, сұрақтарға жауап беру, ас мәзірін дайындау) отбасылық өмірдегі қиыншылықтарды қалай жеңуге болады, бала тәрбиесі, қоғам мен отбасының байланысы тақырыбындағы ситуациялық сұрақтарға шешім іздейтін, өзгеше әрі қызықты тапсырмаларды күткен едім. Өкінішке орай, олай болмады. Дегенмен, қатысушылар үлкен дайындықпен келген. Қызылқоға ауданынан – Рүстем ШАКЕНБАЕВ, Құрманғазы ауданынан – Наурызбай БИСЕНҒАЛИЕВ, Махамбет ауданынан – Нұрлыбек БИСЕНБАЕВ пен Тұрсынбек ҚАБИПОВ жәнеИсатай ауданынан Асылжан ХАМИТОВ жанұясы қатысты. Байқау барысында ән де айтылды, би де биленді, домбыра да тартылды, жарына арналған өлең де оқылды. Сонымен қатар, бұл жерде табақ та тартылды, ақтан да ауыз тиді. Сайыскерлердің қолдарынан шыққан қамшы, киіз үй, құрақ көрпе, сіріңкеден жасалған үй сияқты бұйымдар да қазылар үстеліне жол тартты.
Қазылар алқасының шешімімен қорытындысында 5 баланың әкесі Тұрсынбек Қабиповтың отбасы 1-орынға ие болды. 2-орын исатайлықтарға бұйырса, 3 орынды қызылқоғалық жанұя қанжығасына байлады (бұл отбасы да 5 бала тәрбиелеп отыр). Тағы 2 отбасына «Өнерлі отбасы» және «Білімді отбасы» деген атақтар беріліп, үй шаруасына қажетті сыйлықтар табысталды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор