Атырау, 20 қыркүйек 04:57
 ашықВ Атырау +19
$ 478.93
€ 534.96
₽ 5.16

Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажет

371 просмотра

Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажет.

Бұл жұмыс, ең алдымен, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында жүргізілуге тиіс. Қазір энергия өндіретін жаңа нысандар салу үшін берілетін несие шарттарын қолайлы деп айта алмаймыз. Сондықтан Үкімет қаржы институттары арқылы ұзақ мерзімге арналған қолжетімді несие беру жолдарын ойластыруға тиіс.

Мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керек. Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды.

Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керек. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе. Келесі жылдан бастап нақты ережелер енгізілуге тиіс. «Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидатын басшылыққа алу қажет. Алайда тұтынушылар жеке монополистердің шырмауында жалғыз қалмауға тиіс. Заңнамаға әлеуметтік маңызы бар қызметтер деген ұғым енгізілуі керек. Оны мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі сияқты реттеген жөн».

«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.

Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.

Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.

Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз»

«Келесі мәселе. Көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық. Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз.

Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн.

Теміржол саласында реформа жасау үшін тариф жүйесі қайта қаралуы керек. Бұл – айдан анық нәрсе. Жаңа тарифтер теміржол желісін қалыпты жағдайда сақтауға және оның тасымал қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. «Қазақстан темір жолы» компаниясы үш ірі инфрақұрылымдық жобаны қолға алды, яғни теміржол салып жатыр. Оның жалпы ұзындығы мың шақырымнан асады. Бұл жобалар бекітілген мерзімде және өте сапалы іске асырылуға тиіс»

«Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды.

2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын. Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек»

«Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс. «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Парламент депутаттарын осы жұмысқа атсалысуға шақырамын.

Келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу керек. Бұл орталық оқушылар, студенттер, ғалымдар және кәсіпкерлер үшін әрдайым ашық болады.

Цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеп, криптобиржаларды одан әрі дамыту ісін жалғастырған жөн. Елімізде экономикаға қажетті электр қуатын өз керегіне шамадан тыс пайдаланатын, сөйте тұра салықты аз төлейтін кәсіпкерлер бар. Міне, осындайларды жөнге салу керек.

2025 жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталмақ. Еліміз үшін бұл жобаның маңызы зор. Сол арқылы мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құра аламыз. Жалпы, телекоммуникация желілері мен дата-орталықтарын барынша жетілдіруге, кибер-қауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандарымыздың біліктілігін арттыруға қатысты жұмысты жалғастыру керек»

«Әуе хабтарын дамыту – өте маңызды міндет. Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға болады. Әуежайларымыздың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасау керек.

Ішкі әуе бағдарларын дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл, әсіресе, негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды.

Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылды. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек. Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен кіші авиация ұшақтарын алған жөн.

Туризм жобаларын жүзеге асырғанда табиғатқа зиян келтірмей, экологияны сақтау барынша маңызды екенін ерекше атап өткім келеді»

«Келесі. Ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажет.

Көктемдегі алапат тасқын бүкіл еліміз үшін үлкен сынақ болды. Сол қиын күндерде біз ынтымағы жарасқан ел екенімізді көрсеттік. Қазақстанның әр аймағынан жиналған еріктілер мен жанашыр азаматтар зардап шеккен жұртқа көмек қолын созды. Менің елдік істен шет қалмау туралы үндеуіме ірі бизнес өкілдері де қолдау білдірді. Мемлекеттің батыл әрекеті мен халықтың өзара тілектес болуының арқасында аса қиын жағдайдан аман-есен өттік. Дегенмен орталық және жергілікті билік өкілдері осы оқиғадан сабақ алуы керек.

Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет. Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет.

Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Нақты жұмысқа кірісу керек»


2 қыркүйек, 12:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.