Атырау, 20 қыркүйек 05:55
 ашықВ Атырау +19
$ 478.93
€ 534.96
₽ 5.16

Гүлмира Сатыбалдыға сот үкімі шықты

1 046 просмотра

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот процесі аяқталып, үкім шықты. Ол 12 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ал оның жүргізушісі Мәди Батыршаев жалпы 9 жылға сотталды.

  • "Сот үкімімен Сатыбалды Гүлмира Қауасқызы 126-баптың 3-бөлігінің 3-тармағы "Заңсыз бас бостандығынан айыру" бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға,
  • 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 8 жылға,
  • Қылмыстық кодексінің "Бопсалау" бабы және 389-бабының 4-бөлігі "Өзбеттік" бойынша 5 жылға,
  • Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігін негізге ала отырып, жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы Сатыбалды ақыры 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Қылмыстық кодекстің 58-бабының 6-бөлігіне сәйкес, қылмыстардың жиынтығы бойынша жазаларды ішінара қосу арқылы, мүлкі тәркіленіп, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді", – деп оқыды үкімді судья Мәртпек Кәкімжанов.

Айта кетейік, бұл сот процесінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша құқық бұзушылық жасады деген айып тағылып отыр. Гүлмира Сатыбалдының бұрынғы күйеу баласы Абай Жүнісов оның нұсқауымен 2019 жылдың 13 ақпанынан шілдесіне дейін алты ай бойы өз еркінен тыс үйқамақта ұсталғанын айтып, сотқа жүгінген. Сонымен қатар ол Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелін олардың ортақ бизнесі – Baur Kazakhstan АҚ активтерін тартып алды деп айыптап отыр. Сот процесі 3 маусымда басталған. 

  1. Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылып отыр.
  2. Онымен бірге оның қол астында жұмыс істеген Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.

Бұған дейін Гүлмира Сатыбалды сот отырысында денсаулығының нашарлауына байланысты соңғы сөзін айтудан бас тартты.

Өткен жолғы сот отырысында прокурор айыпталушыны 13 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар жәбірленушілер Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаевтан 11 миллиард теңгеден астам соманы өндіруді талап етті.

29 тамыз, 16:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.