Украина мен Ресей 6 тамызда Курск облысында басталған әскери қимылдар кезінде тұтқындалған әскери тұтқындарды алмастыру мүмкіндігін талқылауды бастады, деп хабарлайды orda.kz.
Бұл ақпаратты Financial Times басылымына Украина барлау қызметі растады.
Украина Жоғарғы Радасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец Ресейдің тұтқындарды алмастыру мәселесінде бастама көтергенін және бұл туралы Ресей омбудсмені Татьяна Москальковамен сөйлескенін мәлімдеді.
«Бұл мәселе қалай аяқталатыны әзірге белгісіз, бірақ украиналық тарап әрдайым тұтқындарды алмастыруға дайын», - деді Лубинец.
Украина президенті Владимир Зеленский 13 тамызда жүздеген ресейлік әскерилердің тұтқынға түскенін хабарлады. The Independent газетінің хабарлауынша, украиналық полковниктің мәліметіне сәйкес, тұтқынға екі мыңға дейін ресейлік солдат алынған. Дегенмен, Курск облысындағы әскери қимылдар барысында қанша ресейлік әскери тұтқынға алынғанын ресми түрде ешбір тарап растаған жоқ.
14 тамызда Украина Қарулы Күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский украиналық әскерилердің таңертеңнен бері 100-ден астам ресейлік әскериді тұтқындағанын мәлімдеді. Келесі күні «Украинская правда» газеті Украина Қауіпсіздік қызметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, 14 тамызда 102 ресейлік солдаттың тұтқындалғанын хабарлады, бұл бір уақытта жаудың ең көп тұтқындалғаны болды.
Лубинец Украина ресейлік әскери тұтқындардың құқықтарын Женева конвенциясына сәйкес қамтамасыз ететінін, оларға медициналық көмек көрсетіліп, әскери лагерьлерде ұсталатынын атап өтті.
Ресейлік тұтқында болған украиналық әскерилердің нақты саны белгісіз. 14 тамызда Ресей Қорғаныс министрлігі бір тәулік ішінде 18 украиналық сарбаздың тұтқындалғаны туралы хабарлады.
Украина мен Ресей арасындағы соңғы тұтқын алмастыру 17 шілдеде «95-ті 95-ке» формуласы бойынша өтті.
Курск облысында Украина Қарулы Күштерінің жетістіктеріне қарамастан, Ресей билігі украиналық бақылаудың кеңейгенін жоққа шығарды.