Мектеп осыдан 14 жыл бұрын қаладан үш шақырым жерде «Болашақ» ықшамауданында салынған. Бастапқыда айдалада салынған мектепке оқушылар автобус арқылы қатынап, кейінірек бұл ғимаратқа қазақ-түрік лицейі орналасты. Бірақ ол да иеленіп жарытпады, қаладан қашық болуына байланысты лицей басқа орынға көшіп, өткен жылдан бері ғимарат бос тұр.
Бүгінде облыстық білім басқармасы балансындағы бұл ғимарат әбден тозған, канализация, ток жүйелері жаңалауды қажет етіп тұр. Қабырғаларда сызат пайда болған. Ғимаратты жабайы иттер жайлап алған.
«АЖ»-ға белгілі болғандай, 2020 жылы күрделі жөндеуге сметалық жобасы жасақталып, 1,6 млрд теңге қажеттігі анықталған.
Бірақ бұл қаржы бөлінбегендіктен мектеп бұрынғыдан да тозып, күрделі жөндеуге кететін шығынды көбейтті.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі ғимаратты Жылыой аудандық әкімшілігінің балансысына беру үрдісі басталып кеткенін хабарлады.
- Аудан әкімдігінің балансына алу жөнінде білім басқармасына хат жаздық, біздің теңгерімге беру жөнінде. Енді соны күтіп отырмыз. Бұдан кейін ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, пайдаланамыз, - дейді аудан әкімінің орынбасары Гулнафис АЙШУАҚОВА.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор