Атырау, 20 қыркүйек 10:40
 ашықВ Атырау +24
$ 478.93
€ 534.96
₽ 5.16

Егін жинау науқаны басталады: үкімет 580 млрд теңге бөлді

167 просмотра

Үкімет басшысы Олжас Бектенов егін жинау науқанына дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиында ауыл шаруашылығы министрі, экология және табиғи ресурстар, энергетика вице-министрлері, сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдері тыңдалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 580 млрд теңге көлемінде рекордтық қаражат бөлді. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға бағытталған сома 5 есеге ұлғайтылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жаппай егін жинау жұмыстары тамыздың үшінші онкүндігінде басталады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 98%-ды құрайды. Барлығы 149 мыңнан астам трактор, 38 мың астық жинайтын комбайн және 14 мың дестелегіш тартылады.

«Егінді сапалы жинап алу және сақтау еліміз үшін ерекше маңызға ие. Туындайтын барлық мәселені күнделікті пысықтау қажет. Бұл тек министрліктерге ғана емес, әкімдіктер мен фермерлердің өздеріне де қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Дәнді дақылдарды сақтаудың тиісті жағдайын қамтамасыз ету де маңызды», - деді Олжас Бектенов.

Шаруаларға күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 64 мың тоннадан астам жеңілдігі бар дизель отыны жөнелтілді.

Айта кетерлігі, республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды, бұл болжанып отырған егін көлемін сақтауға жеткілікті. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы ауданы 23,3 млн га құрайды, оның ішінде дәнді дақылдардың ауданы – 16,7 млн га.

16 тамыз, 10:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.