Атырау, 20 қыркүйек 15:30
 ашықВ Атырау +14
$ 478.93
€ 534.96
₽ 5.16

Головкин Олимпиаданың күміс жүлдегерлерін құттықтады

260 просмотра
Фото: gov.kz

Геннадий Головкин бокстан Париж Олимпиадасының күміс жүлдесін (80 келі) иеленген Нұрбек Оралбай мен грек-рим күресінен күміс медаль еншілеген Демеу Жадыраевты жетістігімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

Головкин өз құттықтауында Нұрбектің шаршы алаңда мақтанарлықтай жекпе-жек көрсеткенін атап өтті.

«Ұлттық Олимпиада комитеті мен жеке өз атымнан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайды шын жүректен құттықтаймын. Бүгін барша қазақстандықтар Сізбен бірге шаршы алаңда болды десек, артық емес. Олимпиаданың күміс жүлдесі – үлкен марапат. Сіз жанкүйер мақтанатындай жекпе-жек көрсеттіңіз.  Сонымен қатар, Нұрбектің жеке бапкері Асқар Еркебаевты да құттықтаймын! Ол шәкіртін Олимпиада тұғырына алып келген мықты маман екені анық. Сіздердің алғашқы Олимпиадаларыңыз спорттық мансаптарыңыздың тек бастамасы болсын. Жеңісіміз арта берсін, еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін!", - делінген құттықтау жеделхатында. 

Сонымен қатар, ҰОК президенті грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Демеу Жадыраевты да құттықтап, спортшының жанкештілігіне тоқталды.

«Демеу Жадыраевты Олимпиададағы күміс медалімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін барша халық Сізбен мақтанып, қуанышыңызға ортақтасып жатыр. Төзім, күш, рух және тынымсыз еңбектің қайтарымы деп дәл осы жүлдені айтсаңыз болады. Сіздің шеберлігіңіз бен жанкештілігіңіздің арқасында Қазақстанның көк байрағы Олимпиада төрінде желбіреді», - делінген құттықтауда.

Головкин Демеу Жадыраевтың жеке бапкерлерін құттықтауды да ұмытқан жоқ.

«Сондай-ақ, сіздің жеке бапкерлеріңіз Жұмақан Тұрғамбеков пен Боранбек Қоңыратовқа осы жеңіске үлкен үлес қосқаны үшін алғыс білдіріп, Олимпиада жүлдесімен құттықтаймын! Барлық қазақстандық жанкүйерлерге керемет көңіл-күй сыйлағаныңыз үшін рахмет! Алға, Қазақстан!», - делінген құттықтау жеделхатында. 

Айта кетелік, Нұрбек Оралбай да, Демеу Жадыраев та өзі қатысқан тұңғыш Олимпиадада күміс медальға қол жеткізді. 


8 тамыз, 09:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.