Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық сотында ажырасқысы келетін ерлі-зайыптыларды татуластыруға жұмыстанатын өмірлік тәжірибесі мол ардагерлердің кезекшілігі қайта жанданды.
Татуластырушылар «Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігі мүшелері. Олар Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының іс жүргізуіндегі талап арыздар бойынша татуластыру рәсімдерін жүргізуге көмек көрсетеді.
Билер кеңесі мүшелері некені бұзу кезінде ортақ балалардың алдағы тағдыры және мүлікті бөлу сияқты мәселелер қозғалатынын ескере отырып, ерлі-зайыптыларды отбасы мен отбасылық құндылықтарды сақтауға шақырады. Білгеніміздей, бүгінде сотқа келіп түскен талап арыздардың көшірмелері Билер кеңесіне сотқа дейінгі татуласу рәсімін жүргізу үшін беріледі екен.
Ақсақалдардың қанша шаңырақты аман алып қалғаны айтылмайды, алайда соттың ресми парақшасындағы хабарламасында "айтарлықтай біраз отбасы некесін сақтап қалды" делінген.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА