Биыл алты айда атыраулық 124 жұп экстракорпоральді ұрықтандыруға жолдама алды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВТІҢ төрағалығымен өткен денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында айтылды.
Жиында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Альмира САБЫРҒАЛИЕВА жыл басынан бері ана өлімі тіркелмегенін айтты.
- Оған қоса, нәресте өлімі де төмендеп келеді. Аймақта табиғи өсім тұрақты. Жүкті әйелдерге амбулаториялық деңгей қызметі мен жалпы скрининг уақытылы көрсетілуде, – деді А.Сабырғалиева.
Алайда, өңірде медициналық-санитариялық көмек беру бағытындағы проблемалар әлі де өзектілігін жоймаған.
- Өкінішке орай, тиісті медициналық жәрдем беру бойынша шағым көп. Оның ішінде, тегін берілетін дәрілік заттардың тізбесіне енбеген дәрілерді сұрау бойынша 722 шағым түсті. Әйтсе де, кадр тапшылығын болдырмау және мамандардың біліктілігін арттыру, скринингтік зерттеулер мен профилактикалық тексерістердің қамтылу деңгейінің төмендігі, дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелерін шешу бойынша бірқатар жұмыс атқарылуда, – деді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл ӘБІЛОВА.
Жиын соңында алқа төрағасы Ж. Бисембиев тасқын кезінде бірлесе жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне облыс әкімі атынан алғыс білдіріп, жартыжылдық жұмыс қорытындысына оң баға берді. Сонымен қатар, жаңадан салу жоспарланған медициналық нысандардың жобасын жасауды тапсырды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ