Бүгін Атырау облыстық сотының төрағасы Мухтар ПАРМЕНОВ жалпы отырыста судьялар корпусына облыстың жаңа судьяларын таныстырды, деп хабарлайды Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 29 шілдедегі Жарлығымен Дәурешов Әнуар Жұмажанұлы Атырау облыстық сотының судьясы лауазымына, Бөлекбаев Нұртас Серікұлы Атырау қаласының №2 сотының судьясы лауазымына тағайындалды.
Дәурешов Әнуар - 1972 жылы Атырау облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірді.
Сот жүйесіндегі өз еңбек жолын 1994 жылы Атырау облысының Мақат және Құрманғазы аудандық соттарында судья лауазымына тағылымдамашы қызметінен бастап, Атырау облысының Әділет басқармасы соттардың жұмысын ұйымдастыру бөлімінің кеңесшісі болып еңбек етті.
1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Атырау облысы Құрманғазы аудандық сотының судьясы лауазымына тағайындалып, кейін Атырау қалалық сотының судьясы лауазымында қызметін жалғастырды.
2010 жылы Атырау облысы Махамбет аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды. Маңғыстау облысы Ақтау қаласы №2 сотының судьясы, Астана қаласы Байқоңыр аудандық сотының судьясы, Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы лауазымдарында болып, қазіргі тағайындалуға дейін қызмет атқарды.
Бөлекбаев Нұртас - 1993 жылы Маңғыстау облысында туған. С.Демирель атындағы университетті бітірді, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясының түлегі.
Сот жүйесіндегі өз еңбек жолын 2015 жылы Алматы қаласы аудандық сотының сот мәжілісінің хатшысы лауазымынан бастады. Әр жылдары Астана қаласы №2 Есіл аудандық сотының бас маман – сот мәжілісінің хатшысы, Нұр-Сұлтан қаласы Соттар әкімшісінің талдау және жоспарлау бөлімінің бас маманы, Алматы қаласы Соттар әкімшісінің құжат айналымы бөлімінің бас маман – сот мәжілісінің хатшысы лауазымдарында болып, қазіргі тағайындалуға дейін қызмет атқарды.
М.Парменов судьяларды жауапты тағайындалуларымен құттықтап, еңбектеріне сәттілік тілеп, сот төрелігін сапалы жүзеге асыруды және судьялық антқа адал болуды тіледі.