Сенатор Сағындық Лұқпанов Атырау облысындағы Құрманғазы ауданында болып, кәсіпкерлермен және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Депутат ауданға сапар барысында 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысымен де танысты, деп хабарлайды ҚР Сенатының баспасөз қызметі.
Сенатор Лұқпанов мәслихат депутаттарымен кездесу кезінде оларды жоғары заң шығарушы органның жұмысымен таныстырды және Палата қызметінің қорытындылары туралы айтып берді. Өткен сессия барысында қабылданған заңдардағы негізгі жаңалықтар туралы жан-жақты хабардар етілді. Кездесу барысында жергілікті тұрғындарды толғандыратын мәселелер де талқыланды. Сондай-ақ мәслихат депутаттарының денсаулық сақтау және жол саласындағы заңнаманы жетілдіру, өңірді ауыз сумен қамтамасыз ету туралы ұсыныстары айтылды.
Сенатор өңірдегі шағын ауылдарда болып, ондағы тұрғындармен кездесті және шағын елді мекендердің проблемаларымен танысты. Депутат Атырау облысындағы ауылдардың өзекті мәселелері үнемі назарында екенін және оларды шешу жөніндегі жұмысты жалғастыра беретінін атап өтті.