Атырау, 20 қыркүйек 19:34
 ашықВ Атырау +10
$ 478.93
€ 534.96
₽ 5.16

Көлік әйнегіне Сметовтің портретін айнытпай салған атыраулықтың туындысы Қазнетті сүйсіндірді

Сурет
891 просмотра

Атырау қаласы тұрғыны дзюдошы Елдос СМЕТОВТЫҢ Олимпиададағы тарихи жеңісінен кейін шабыттанып, көлігінің әйнегіне чемпионның портретін салған. Ерекше картинаның авторы - 34 жастағы Аслан ЖАЗИКОВ. Ол туындыны әйнектегі шаңға сіріңкенің талы мен мақта таяқшасы арқылы салған. 

- Дзюдошы Елдос Сметовтың Олимпиададағы жекпе-жегін көріп қатты  қуандым. Қуанғаннан шабыт келіп, бірден көлігімнің артына чемпионның портретін сала бастадым. Туындым тез әрі оңай жасалды. Осылайша қазақ спортшысына қолдау білдірдім. Көшеде, бағдаршамда тұрған көлік жүргізушілері жарайсың деп сигнал беріп, тіпті көлігімді суретке түсіріп алып, таратып жатқандар да бар, - дейді суретші. 

Асланның мамандығы - программист. Бірақ кішкентай кезінен сурет салуға икемі болғанын айтады. 

- Сурет салу менің хоббиім. Ешқандай тапсырыс алмаймын. Тек өз еркіммен шабыт келген уақытта айналысамын,- дейді ол. 

Айтуынша бұл оның алғашқы туындысы емес. Бұған дейін ол Елдос Сметовтың және басқа да спортшылардың портретін арнайы құралдармен ағаштан ойып жасаған. 

Ал Асланның алғашқы шаңнан салған туындысы - 2016 жылы Англия чемпионы болған “Лестер сити” футбол командасының эмблемасы болған. Ол кезде де автордың көліктің әйнегіне шаңнан салған туындысы вконтакте желісінде кең танылып, BBC сайтына жарияланған. 

- Ол кезде менде ВАЗ-2109 көлігі болған. Соның арты әйнегіне салған “Лестер сити” логотипін футбол командасы өзінің ресми парақшасына жариялаған. Ол жерде қызу талқыланған суретті “Қазақстандық жанкүйердің туындысы, бірақ авторы белгісіз” деп BBC сайты жариялады. Одан кейін көлігімді сатып жіберіп, жаяу қалдым. Былтыр ғана қазіргі көлігімді сатып алып, қайта шығармашылықпен айналыса бастадым, - дейді ерекше талант иесі. 

Бұған дейін ол Геннадий Головкиннің, Шафкат Рахмоновтың, Серік Бибосыновтың портреттерін салған. 


Аслан отбасылы, үш баланың әкесі, балалары да суретке икемі бар екенін айтады. Ал, 9 жастағы қызы Дария дзюдомен айналысады, турнирлердің жеңімпазы болып та үлгерген. 

- Болашақта Елдос Сметов сияқты қазақтың атын шығарса деймін,- дейді Аслан. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазба Аслан Жазиковтың жеке архивінен

2 тамыз, 11:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.