Атырау, 20 қыркүйек 21:47
 ашықВ Атырау +10
$ 478.93
€ 534.96
₽ 5.16

Батыс Қазақстанда 15 су қоймасының жағдайы талапқа сай болмай шықты

454 просмотра
Cурет/primeminister.kz

Батыс Қазақстан облысында су шаруашылығында ҚР Үкіметінің қолдауымен бірқатар жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Kazinform.

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, 2021 жылдан бері жобалық құны 2,6 млрд теңгені құрайтын Киров су қоймасын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда.

Оның сөзіне қарағанда, биыл аяқталуы жоспарланған жобаға 1 млрд 252 млн теңге бөлінді. 2023 жылы Қараөзен мен Сарыөзенге 166 млн текше метр, Жәнібек суару-суландыру жұйесіне 30 млн текше метр Еділ суын тасымалдау шығындары өтелді. Бұл мақсатқа өткен жылы республикалық бюджеттен 6,3 млрд теңге жұмсалса, биыл 5,1 млрд теңге қаралып отыр. 

«Жыл басынан бері облыстың бас өзені – Жайықтан Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне 599 млн текше метр су кірді. Ірі каскадты төрт су қоймасы (Киров, Бітік, Дөңгелек, Пятимар) орташа есеппен 87 пайызға толды. Жайықтан Жайық-Көшім жүйесіне барынша су алу үшін жобаның құны 2,6 млрд теңгені құрайтын Шаған арнасы (46,8 км) мен Көшім каналын (22 км) механикаландырылған тазарту жұмыстары жалғасуда. 2023 жылы 473 млн теңге игерілсе, биыл 1 млрд теңге қарастырылған. Жайық өзенінің сол жағалауын суландыру және сумен қамту мақсатында Ащы-Азнабай-Тайпақ каналын (66,4 км) реконструкциялау жұмыстары аяқталды», дейді М.Молдашев.

Басқарма басшысының айтуынша, Теректі ауданында Жайық өзенінен су жеткізу үшін Жайық-Шалқар каналын реконструкциялауға (жоба құны – 4,8 млрд теңге) облыстық қазынадан 476,2 млн теңге беріліп, жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бөрлі ауданы Жарсуат ауылы тұсында Жайық өзенінің жағалауын бекітуге республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге, облыстан 187 млн теңге қаралып, жоба мәресіне жетті.

«Биыл 28 млн текше метр су жинауға мүмкіндік беретін Жалпақтал су қоймасының құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Облыс аумағында 39 су қоймасы, 6 тоған, 1 бөгет, 4 су торабынан тұратын 50 гидротехникалық құрылыс есепке алынған, оның ішінде республикалық меншікте – 19, коммуналдық – 28, жеке меншіктегісі – 3», дейді М.Молдашев.

Оның мәлімдеуінше, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының иесі немесе пайдаланушы тұлға 25 жылдан артық пайдалануда болған су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын, олардың жай-күйіне қарамастан, жыл сайын көп факторлы тексеруден өткізеді. Ал 25 жылға дейін пайдалануда болған су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын 5 жылда бір рет көп факторлы тексеруден өткізуге міндетті.

«Өткен жылы 4 су қоймасына көп факторлы зерттеу жұмыстары жүргізілді. Гидротехникалық құрылымдарға жүргізілген көзбен шолу және көп факторлы зерттеу жұмыстары негізінде коммуналдық меншіктегі 15 су қоймасының қанағаттанарлықсыз жағдайда екені анықталып отыр. Биыл 11 су қоймасына көп факторлы зерттеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 85,7 млн теңге бөлінді», дейді басқарма басшысы.

2024 жылғы 30 қаңтарда ҚР Үкіметі 2024-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдаманы іске асыру бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес Су ресурстары мен ирригация министрі және облыс әкімімен өңірдің суару жүйелерін қалпына келтіру бойынша жол картасы бекітілді. Жол қартасы 7 бағытта дайындалып, жалпы құны 120 млрд теңгеден астам 84 іс-шараны жүзеге асыруға бағытталған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімдігінің 2024 жылғы 6 мамырдағы №106 қаулысымен басқарманың «Батысирригация» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекеме коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылымдарды күтіп ұстау, оларды пайдаланумен айналысады», деп түйіндеді сөзін М.Молдашев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында жаңадан су қоймалары қашан салынатынын жазған едік.

30 шілде, 15:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.