Атырау облысындағы колледждерге биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша өткен жылғыдан 10 мыңға көп талапкерді оқуға қабылдау жоспарланып отыр.
Атырау облысы білім беру басқармасының мәліметі бойынша, 25 маусымнан күні бүгінге дейін колледждерге 3960 құжат қабылданса, оның 2 мыңнан астамы 1 шілдеге дейін egov.kz порталы арқылы электронды түрде тапсырылған.
Айта кетейік, абитуриенттер колледжде оқуға екі тәсілмен өтінім бере алады: қағаз түрінде және Azamat электронды порталы арқылы электронды нысанда. 9-сынып бітірушілер үшін құжат қабылдау мерзімі 25 маусымнан 18 тамызға дейін, ал 11 сынып бітірушілер үшін 25 маусымнан 20 тамызға дейін жалғасады:
Колледждерге шығармашылық мамандықтар бойынша қабылдау 25 маусымнан 20 шілдеге дейін, педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 15 тамызға дейін жүзеге асады. Орта буын мамандықтары мен қолданбалы бакалаврға түсушілер үшін оқуға қабылдау аттестаттың орташа балы негізінде жүргізіледі. Бағалап бөлу міндетті және бейіндік пәндердің орташа конкурстық балы негізінде автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады.
- Жұмысшы мамандығына түсетін түлектер әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша оқуға түсетін түлектер арнайы және шығармашылық емтихандар тапсырады немесе әңгімелесуден өтеді. Оны қабылдау комиссиялары жүргізеді. Оқуға түсетінде үшін конкурс 19-25 тамыз, өнер және мәдениет мамандықтары бойынша 29 шілде-2 тамыз аралығында өтеді, - дейді Атырау облысы білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира ТҰҢҒАТАРОВА.
Айта кетейік, талапкерлер құжаттарды бірден 4 колледжге 4 мамандық бойынша тапсыра алады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ