Қазіргі уақытта сауда-саттықпен заңсыз айналысқан 26 дүңгіршекке айыппұл салынды. Бір күнде тиісті талапты сақтамаған жеті сауда орны бұзылған.
Арнайы құрылған комиссия мүшелері Нұрсая ықшам ауданындағы Болашақ нүктесіне қойылған үш бірдей дүңгіршектен заң бұзушылық анықтады. Оның екеуі көше бойына заңсыз сауда нүктесін қойып, жұмыс істеп келсе, тағы бірінде сауда-саттықпен шетел азаматы айналысқан.
- Сырттан келген жеміс-жидектерді сатумен айналысатын бұл сауда орнының иесі қалалық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінен “өз өнімімді сатамын” деп рұқсат алып, бірақ өзге ұлт өкіліне жалға бергенін анықтадық. Бұл кәсіпкер арадағы келісімшартты өрескел бұзып отыр. Кәсіпкерге ескерту берілді, жағдай келесіде қайталанатын болса, келісімшарт бұзылады, - дейді Атырау облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрайнаш КАМАЛОВА.
Рейд барысында кондитерлік өнімдер сататын және тез тағам дайындайтын дүңгіршектерді рұқсат құжаты болмағандықтан арнайы тұраққа алып кетті.
Арнайы комиссия қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі, қалалық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімі, қалалық салық, санитариялық-эпидимиологиялық бақылау басқармасы қызметкерлері және қалалық мәслихат депутаттарынан құрылды. Қазіргі уақытта 26 дүңгіршек алынып, айып тұрағына жеткізілді. Төрт сауда дүңгіршегінің сату нүктесі өзгертілді. Белгіленбеген орындардағы сауда бойынша 28 хаттама толтырылды, - деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Олардың айтуларынша, рейд апта сайын жалғасады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ