Атырау, 20 сәуір 00:24
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

«Алдымен әліппесін меңгеру керек»

4 426 просмотра

«Атырау» футбол орталығының 1999 ж.т. шәкірттері барлық 7 матчта да жеңіске жетіп, балалар мен жасөспірімдер футбол клубтарының арасындағы ел чемпионатының 3 турынан өтті. Балаларды жаттықтыру үдерісі қалай ұйымдастырылғаны туралы «Атырау» футбол орталығының жаңа техникалық директоры Владимир ГРИГОРЬЕВПЕН және 1999 ж.т. тобының бапкері Қуаныш ҚАБДОЛОВПЕН әңгімелескен едік.

«ЖС» АНЫҚТАМАСЫ: Григорьев Владимир Евгеньевич, 56 жаста. КСРО 2-лигасының «Динамо» (Ленинград) командасында ойнаған. 1992 жылдан бері бапкерлік жұмыста, «Динамо» (Санкт-Петербург) және «Ротор» (Волгоград) командаларын жаттықтырған. «Атырау» ФО-ның техникалық директоры болған Анатолий Беляй қазір «Ақтөбе» ФО-ның басшысы болып тағайындалды.

В.Г. – «Атырау» ФО-нда 1995 жылдан 2003 жылы туғандарға дейін 9 жас ерекшелікте 15 топ бар. Жоғары жастағы топтар толықтай жинақталған және бапкерлер әрқайсысының қандай мүмкіндіктері бар екенін жақсы біледі. Бұл жастарға енді бала жинамаймыз. Алайда кімде-кім допты шебер меңгергенін дәлелдесе, біз дәл қазір қабылдауға дайынбыз. Бізде баланың футбол қабілетін анықтайтын арнайы тестілер бар. Мұнда көптеген балалар келді, біз ең үздіктерін таңдап алдық. Дегенмен де біз тестілеуді жалғастыра береміз.

- Тестілеу туралы айтып берсеңіз...

- Біз балаларды ойнатамыз, бір ғана жаттығудан баланың допты қалай игергені көрініп-ақ тұрады. Мен үлкен жастағы балалар туралы айтып тұрмын. Кішілері, әрине, футбол туралы білмей келеді. Біз оларға көп салмақ түсірмей, оқытамыз. Бұл жерде неміс жүйесіне негізделген сатылы дайындау жүйесімен жұмыс жасаймыз.

- Футбол орталығы алға қарай кіші жастағы балалардың санын арттыруды жоспарлап отыр ма?

Қабдолов Қуаныш Кенжәліұлы, 26 жаста, Атырау футболының түлегі, қаланың бірнеше командаларының бұрынғы ойыншысы. 2009 жылдан бері жаттықтырушылықпен айналысады.

В.Г. – Енді арттырмаймыз. Іріктеу жүргізіледі. Барлығы бірдей жаттығу режиміне шыдай бермейді. Кей балалар басқа спорт түрімен айналысқысы келеді, қайсы біріне бапкер спорт түрін ауыстыруға кеңес беруі мүмкін...

Жексенбі сайын бізде ойын күні белгіленген. Сол жерде біз қай баланың қалай дамып жатқанын қараймыз. Жұмыс күндері жаттығулар бір жарым сағатқа созылады. Берілетін жүктемелер әдістеме негізінде жасалып, бапкер конспектісінде жазылған. Барлық жастағы командалар түгел жабдықталған. 1999 жылы туғандардан бастап 5 жоғары жас командасы футболдан республика біріншілігіне қатысады.

ФО-да ұлттық құрамаға тұрақты шақыру алатын ойыншылар бар. 1997 ж.т. Қазақстан құрамасы үстіміздегі жылдың наурызында ҚР Президенті кубогын және осы жақында Минскіде Қазақстан, Белоруссия, Украина және Ресей командаларының қатысуымен өткен халықаралық турнирде алтын медаль ұтып алды. Құрама команда құрамында біздің орталықтың шәкірті Валерий Андреев жақсы ойынымен көзге түсті.

1995 ж.т. Қазақстан құрамасына Алтынбек Сапаров (құрама капитаны), Жақсылық Халелов және Алексей Маров шақыртылды. Олар жақында Санкт-Петербургте болған турнирге қатысты.

Біздің шәкірттеріміз көптеген жарыстарға қатысып жүр, бірақ біз медаль ұтуымыз керек деген мақсат қоймаймыз. Ең бастысы – допты жақсы меңгерулері керек. Барлығы жалпы білім беру жүйесімен бірдей жүргізіледі: ең алдымен жазып-сызып үйретеміз, содан соң сөйлем құратып, кейін ғана шығарма жаздыруға көшеміз.

- Қуаныш, шәкірттеріңіздің Қазақстан чемпионатындағы жетістіктері туралы айтып беріңізші.

- Қ.Қ. – Біздің команда 1-турда «Қайрат» (Алматы) командасын - 4:1, «Востокты» (Өскемен) - 3:0, «Жетісуды» (Талдықорған) - 9:0 есебімен ұтты. 2-тур да жеңіліссіз өтті: «Ертіс» (Павлодар) - 2:0, «Тобыл» (Қостанай) - 1:0. 3-турда «Тараздан» - 4:1, «Ордабасынан» - 1:0 есебімен басым түстік. Команда құрамында Әзиз Сахиполлаев, Сұлтанбек Пангереев, Ерасыл Аманжол, Артур Ковалев, Эльдар Борисов, ағайынды Владимир мен Александр Волкогоновтар, Дастан Хайреденов, Саламат Бағдат, Ерхан Талесбаев, Батырхан Орынбасаров (7 гол соқты), Виктор Грабко, Алексей Блинов (12 гол), Әділбек Кәрімов, Қуат Аманбаев, Әди Мусабаев, Ахмет Ізғалиев, Әлібек Аманғалиев және Ернар Қазиханов өнер көрсетті.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

27 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.