ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жасанды орман екпелерін жасау бойынша Қытай Ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институтының ғалымдарымен бірлескен кездесу өткізді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Талқылау барысында өңірдің экологиясына теріс әсерді азайту үшін Арал теңізінің құрғаған түбіне (АТҚТ) орман екпелерін отырғызу мәселелері қаралды.
Министр Қытай жасанды орман екпелерінің көлемі бойынша әлемдік рекордшы болып табылатынын ескере отырып, Қытай Халық Республикасының ғалымдарымен ормандарды молықтыру жөніндегі ғылыми зерттеулерде тәжірибе алмасу бойынша өзара ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, Арал теңізінің құрғаған түбінде экологиялық мәселелерді шешу бойынша бірлескен қазақстан-қытай орталығын құру ұсынылды.
АТҚТ-де жүргізіліп жатқан жұмыстармен толығырақ танысу үшін қытай ғалымдары Қызылорда облысына барды.