Степногорск қаласында өткен есеп беру кездесуінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов әрбір тұрғынды толғандыратын мәселелер туралы айтты.
«Степногорск қаласындағы күн тәртібінде тұрған басты мәселе - жылыту маусымына дайындық. Тәуекелдерді азайту және өткен жылғы жағдайдың қайталануын болдырмау үшін, биыл 7-ші шағын ауданнан жылу желілерін қайта құру басталды. Шамамен 11 млрд теңге жылу маусымына дайындыққа бағытталды», - деді өңір басшысы.
Сондай–ақ, тағы бір ірі жобаны іске асыру басталды, атап айтқанда сорғы станциясынан Степногорск қаласына дейінгі магистральдық су құбырларын қайта құру. Өнеркәсібі дамыған моноқала мәртебесіне қарамастан, Степногорсктың үлесі өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемі бойынша Зеренді ауданынан кейін екінші орында тұрғанын Марат Ахметжанов тілге тиек етті.
«Қала әкімдігіне өнеркәсіп кәсіпорындарымен бірлесе отырып, бір ай ішінде кәсіпорындардың қуатын барынша арттыруға қатысты барлық іс-қимыл жоспарын пысықтауды тапсырамын. Степногорск облыстың ғана емес, жалпы еліміздегі моноқалалар арасында флагманға айналуы тиіс, ал халық жоғары ақы төленетін жұмыспен қамтамасыз етілуі керек», – деп атап өтті облыс әкімі.
Тұрғын үй құрылысы саласында да проблемалар бар. Соңғы үш жылда қалада бір ғана 45 пәтерлі кредиттік тұрғын үй пайдалануға берілді, ал кезекте екі мыңнан астам азамат тұр.
Стадионды қайта құру мәселесі бойынша Марат Ахметжанов былай деп түсіндірді:
«Алтыналмас» компаниясы екі жыл ішінде жаңа нысанды бөлшектеу және тұрғызу бойынша міндеттемелерді өз мойнына алды. Жаңартылған стадион халықты жиятын, спорттық, оның ішінде халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізетін маңызды орынға айналатынына сенімдімін».
Заводская кенті тұрғындарының өтініші назардан тыс қалмайды. Өңір басшысы бейінді ведомстволарға кентте мәдени-спорт кешенін салудың орындылығын талдауды тапсырды.
Бірқатар тұрғындар қаланың әлеуметтік - экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Азаматтардың жеке қабылдауында қалааралық автобус қатынасын қалпына келтіру, Бестөбе және Ақсу кенттерін абаттандыру, жайылымдық жерлерді қайтару және т. б. мәселелер айтылды.