Индер ауданындағы Жарсуат селолық округіне қарасты Ақтан, Қызылжар елді мекендері мен Елтай ауылдық округінің бір көшесін жарықтандыру жұмысын веб-портал арқылы ұтып алушыны табу мүмкін болмай отыр.
- Портал емес, пәле болды,- дейді Индер ауданы әкімшілігі қаржы бөлімінің бастығы Гүлмира ҚОНАСОВАМЕН хабарласқанымызда. – Біз пошта арқылы ұтыс иесіне кейбір құжаттарды жібергенімізде, «ол мұнда тұрмайды» деген жауап алдық. Бірнеше уақыт өтті, ал ертеңгі күні уақытында сотқа бермедіңдер, ақшаны уақытында игермедіңдер дегесін, бар айыппұлды бөлім басшылары мен округ әкімдері төлейтін болады. Ал «жеңімпаз» құтылып кетеді. Бұл әділдік пе?
Ақтан, Қызылжар елді мекендерін жарықтандыруға 1 млн 339 мың теңге, ал Елтай ауылдық окугіне 2 млн 235 мың теңге бөлінген болатын. Жарықтандыру жұмыстарын атқару құқығын Алматы қаласындағы Әуезов ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Марат ӘМІРОВ жеңіп алған еді. Жұмыстарды атқару төрт айға белгіленген болатын. Жеңімпаз осы маусым айында жұмыстың 20 пайызын атқарып, қаржының бір бөлігі аударылуы керек-тін. Бірақ әлі күнге жұмыс басталған жоқ, бөлінген қаржы игерілместен тұр.
- Енді селолық округтер басшылары жеңімпазды Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына беріп жатыр. Соттан кейін Әміровтен кейінгі тұлға бұл жұмыстарды атқаруды өз міндетіне алады. Дегенмен қанша уақыт бос кетті? -дейді Г. Қонасова.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА