Қарағанды облысының Нұра ауданында 19 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Нұра ауданының прокуратурасы аудандағы білім беру ұйымдарында өткізген тексеру нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, өрт қауіпсіздігі және денсаулық сақтау салаларындағы көптеген заң бұзушылықты анықтады», - деп хабарлады прокуратура.
Атап айтқанда:
- Ауданның кейбір мектептерінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік құралдар табылды.
- Белгіленген стандарттарға сәйкес келмейтін дезинфекциялық ерітінділер анықталды.
- Мектептердің бірінде ішек таяқшасы бактериялары анықталды.
«Аудан прокуратурасының қадағалау актісі негізінде барлық анықталған бұзушылықтар жойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2000-нан астам кәмелетке толмағандардың құқықтары қорғалды», - дейді прокуратура.
Тексеру нәтижелері бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 19 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке, 17 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
9 шілде 2024, 17:36