Сурет "АЖ" мұрағатынан алынды«АЖ»-ға белгілі болғандай, өткен аптада «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының акваториясына кіретін Каспий теңізінің Шалыга аралында құстардың жаппай қырылуы орын алғаны белгілі болды.
Бұл ақпаратты Атырау облыстық табиғат қорғау прокуроры Қайрат ӨТЕУЛИЕВ растады:
- 21 маусымда түрлі құстардың жаппай қырылу фактісі анықталды. Сараптама тағайындалды. Себептерін әзірге атай алмаймын.
Атырау облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті департаментінің жетекшісі Дәурен ҚАБДОЛОВТЫҢ айтуынша, Шалыгадағы құстардың жаппай қырылу фактісі бойынша зерттеу материалы (құстардың өлімтігі) Астанаға бүгін, 25 маусымда Орталық ветеринарлық зертханаға (Астана қ.) жіберілетін болады.
- Материал алу үшін біздің қызметкерлеріміз Шалыгаға бүгін таңертең кетті, - дейді Д. Қабдолов. – Қанша құстың қырылғанын нақты айта алмаймын. Бір бөлігі аралдан табылды, ал суда қаншасы жатқаны әзірге белгісіз.
Шалыга аралы Каспий теңізінде «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аралық аймағында, Атырау қаласы мен мұнайды өнеркәсіптік өндіруге белсенді дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан ірі Қашаған мұнай кеніші арасындағы жолда орналасқан.
26 маусым күні Атырау облыстық табиғат қорғау прокуроры Қайрат ӨТЕУЛИЕВ Шалыга аралындағы құстардың жаппай қырылуына байланысты экологияға тигізілген зиян мөлшері 450 млн теңге құрады деген қауесетті жоққа шығарды.
– 21 маусымда Шалыга аралынан 1250 өлі құс табылды. Қазір қауесет негізінде аталып жүрген зиян сомасы көп. Зиян шамамен 10 млн теңгеге тең, - деді ол «АЖ» тілшісіне. – Оны кімнен талап етеміз? Кінәлілерді қазір Астанадағы Орталық ветеринарлық зертханада жүргізілетін құс өлімтіктерін зерттеу нәтижелері бойынша анықтауға болады. Нәтижелер таяу күндерде белгілі болмақ.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ