Пәкістандық талибтер ел аумағында жүрген шетелдік азаматтарға шабуыл жасайтын бөлімше құру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды РБК.
Лаңкестер осылайша Пәкістанда маерикалық пилотсыз ұшу аппараттарының соққыларын халықаралық қауымдастықтың заңды деп табуына қарсы жауап ретінде іске асырмақ.
Ал пәкістандық әскерилер шетелдік туристерге оқ атылған ауданнан ресейлік альпинистер тобын қауіпсіз жерге көшірді, деп хабарлайды Ресей СІМ. Ресейлік сегіз азамат Гилгитадан шығарылып, арнайы рейспен Исламабадқа жеткізілді. Қазіргі уақытта оларды Отанына қайтару мәселесі шешіліп жатыр.
Өткен демалыста Пәкістанның солтүстігіндегі таулы ауданда шетелдік он турист өлтірілген болатын. Лаңкестер лагерьге басып кіріп, туристерді көшеге шығарып, атып тастаған. «Джундуллах» исламдық тобы мен пәкістандық талибтер шабуылды өз мойындарына алды. Кісі өлімі ісі бойынша 36 адам қамауға алынды.
Бейресми ақпарат бойынша, Пәкістанның солтүстік аумағына альпинистер мен өзге де туристердің кіруіне жақын уақытта тыйым салынады.
Дереккөз: bnews.kz