Атырау, 23 желтоқсан 13:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Театр, сурет және поэзия тілінде​гі «Кішкентай ханзада»

Сурет
1 277 просмотра

Осындай атаумен Атырауда «Муза» клубы мен оның жетекшісі Әмір ТАҒАШОВТЫҢ ұйымдастыруымен шығармашылық кеш өтті.

Осы кеште жылы, жайлы ортада Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» шығармасынан үзінді оқылды. Музыка ойнап, балалар үшін ойындар мен викториналар өткізілді, әсіресе қағаздан жасалған ұшақтар мен балалардың «бақыт» сөзін қалай ұғынатыны ерекше есте қалды. «Бақыт – мамамның қасымда болғаны», - деп жауап берді балалардың бірі осынау күрделі сұраққа.

Кеште талантты адамдар көп болды: іс-шарада дарынды жас Диана КАНЦЕВА Санта Лючия (итал. Santa Lucia) әнін шырқап, ол өз өнерімен көрермендердің зор қошеметіне ие болды.

«Айна» миниатюра театрының актері Руслан ЕЛЕМЕСОВ жастығына қарамастан актерлік шеберлігін танытты. Түрлі халықаралық телебайқаулардың жеңімпазы Димаш НҰРҚАБАЕВ бірнеше шығарма орындап, көрерменді өз дауысымен қуантты. Сондай-ақ, Атыраудағы орыс халық театрының әртісі Андрей ЛОБЫКИН де өз өнерімен ешкімді бей-жай қалдырмады.

«Айна» миниатюра театры «Мұра» пантомимасын көрсетті. Театр балалар мен ересектерге арналған «Вершина» көркем-мәдени және демалыс орталығында жұмыс істейді, оның негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі Татьяна КАПУОВА.

Театрдың жас актрисасы Ярослава ЕГОРИХИНА көрермендерді күлдірді де, жылатты да, мұңайтты да, қуантты да.

Бұл кеште суретші Гүлден МҰСАЕВА суретімен көрермендерді тәнті етіп, шығармашылығын паш етті.

- «Кішкентай ханзада» - бұл біздің дүниеге бірден ересек боп келмегенімізді, бір кездері сонау балалық шақта қалған, өскенде ұмытып кеткен жасырын армандарымыз бен тілектеріміз болғанын еске түсіретін кітап. Бұл кітапты оқып шыққаннан кейін оқығанымды қалай бейнелерімді білмедім. Сөйтіп бұл идеядан бас тарттым. Бірақ бір күні таңертең әжеме бару үшін үйден велосипедпен шықтым. Аулаға кірсем, аулада ағам (тәтем), жеңгем мен сіңлім тұр екен. Жеңгем велосипедімді көріп, кенеттен тебуге бола ма деп сұрады. Ересек әйелдің велосипед тепкісі келетініне таң қалдым! Жалпы велосипед тепкесін, әлі кішкентай бала сияқтысың дейтін. Айтпақшы, жеңгем 53 жаста. Білесіз бе, ол қуанып, мәз болып күліп, велосипедтен түспеді, соңында мұның балалық шақтағы қалауы екенін айтты. Соңғы рет қашан осылай қатты күлгеніміз есімде жоқ. Сол кезде «Кішкентай ханзада» шығармасы есіме түсті. Басында орамалы, үстінде халаты бар жеңгемнің велосипед теуіп жүрген суретін салсам ба екен деген ой келді. Ал терезеден кішкентай қыз қарап қуанып (бұл оның балалық шағын білдіреді), қолын бұлғап тұрады... Бала күнгі қалауын орындап, есейгенде де ұмытпағанына қуанып тұр», - дейді Гүлден.

Іс-шарада Гүлден салған суретіне бейнешолу түсіріп, открыткалар басып шығарып, бірнеше қонақтың орындықтарының астына жапсырып қойған. Бұл оның шағын ғана сыйлығы еді.

Шараның режиссері - ұлының жобасын қолдаған Нұрсұлу ТАҒАШОВА (біз оны Экоферманың негізін қалаушы ретінде білеміз) еді.

— Мен бұл шараны Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» атты аллегориялық ертегісіне арнадым. Біз ересектерге кітап оқудың маңыздылығын еске салғымыз келді. Гаджеттердің дамып жатқан дәуірінде біз аз оқимыз, ал кітап қиялды дамытуда ғана емес, елестетуге де көмекші. Өйткені, қиялдау маңызды. Егер адамзат қиялын дамытпаса, біз бірдей үйде тұрар едік, бірдей киім киер едік. Кітап тек білім қоймасы ғана емес, дос, пікірлес әрі ынталандырушы, - дейді ол. – Экзюперидің ертегісі 20 ғасырдың басты кітабы болды. Ол әлемнің 300 тіліне аударылған. Ертегідегі барлық сөйлемдер: «Жүрек қана сергек, ең басты нәрсені көзбен көре алмайсың» дегеннен бастап, «Біз жоқ жерде бәрі жақсы» деген сөзге дейін қанатты сөздерге айналды. Өміріміздегі шынымен құнды нәрселер - махаббат, достық, жалғыздық, қайғы туралы кітап. Кейде бір шығарманың адамды басқа талпыныстар мен бастамаларға жетелеуі мүмкін екені туралы. Бұл кеште ертегіні қайталамай, осы кітаптың жүрекке жаққан сезімдерін, эмоциялар мен естеліктерді жеткізуді жөн көрдік. Көрермендердің оны оқуға деген ынтасы оянса, эмоцияларын сезінсе дедік. Бәлкім, өз өміріңізді жаңаша, басқа қырынан түйсінуіңіз мүмкін...

 

Бұл кішкентай ханзаданың жаңа жанрдағы, театр тілімен, сурет, музыка және поэзия тілімен баяндалған хикаясы.

Шығармадан: «Сен өз ырқыңа көндірген жандардың бәрі үшін мәңгі жауаптысың», «Көбелектермен танысқым келсе, екі-үш құртқа шыдауым керек қой», «Ересектердің бәрі бала болған, тек олардың санаулысы ғана мұны есіне алады», «Шөл неге жақсы екенін білесің бе? Оның әлдебір жерінде бұлақтар жасырынған», «Осындай қатаң ереже бар: ертемен тұрып, беті-қолыңды жуып, өзіңді ретке келтіріп алған соң, өз планетаңды ретке келтір», - деді маған Кішкентай ханзада.

Елена СҮНДЕТОВА

Автор түсірген және клубтан ұсынылған суреттер

28 маусым, 13:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.