Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрында неміс драматургі Мариус фон Майенбургтің пьесасы бойынша сахналанған «Бет off face» драмалық шоуының премьерасы өтті.
11-12 маусым күндері қойылым актерлерінің бірінші және екінші құрамы Атырау қаласының тұрғындарына жарқын эмоциялар мен ұмытылмас әсер сыйлады.
Бұл көрерменді де, актерлерді де барынша еркін болуға шақыратын драмалық шоу болды. Қаншалықты оғаш естілсе де, көрермендерге орындарынан тұруға, егер қойылым ұнамаса, ойланбастан кетіп қалуға рұқсат етілді.
Қойылымның қоюшы-режиссері – белгілі актер әрі режиссер Данияр БАЗАРҚҰЛОВ. Көрермендердің реакциясынан режиссерге сахнада тек актерлерді ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды, атап айтқанда, көрермендер үшін хабарламалары бар LED-экранды, кейіпкерлердің бейнелерін үлкейтіп, олардың диалогтарын көрсету идеясы ұнағаны көрініп тұрды.
12 маусымда театр актері Асланбек ЖАНБАЛАЕВ екінші құрамда басты кейіпкердің рөлін сомдады. Режиссердің ойынша, басты кейіпкер даралығын жоғалтып, пластикалық операция арқылы бет-бейнесін өзгертіп, байларға еліктеп, әлеуметтік жағдайын мақтан етеді. Уақыт өте кейіпкер өзінің бірегейлігін түйсініп, өзін жоғалтқанын түсініп, жаны қинала бастайды.
Қойылым соңында көрермен спектакль идеясының қалай толық ашылғанын – өз бірегейлігіңді сақтау керектігін көреді. Көрермен өз-өзіңмен болуға ұялудың қажеті жоқ екенін және өзгеше болудан қорықпауды түсінеді. Біз әрқайсымыз бірегей әрі ерекше боп туылғанымызды есте ұстауымыз керек. Бет-бейнеңіз бен жан-дүниеңізді жоғалтпаңыз – сізді сіз қылатын осылар.
Айнұр САПАРОВА
Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор