Атырау, 5 қараша 05:30
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +6
$ 489.36
€ 533.45
₽ 4.99

Жоғалған төлемдер

2 883 просмотра

Өткен жылы қарашаның басында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік филиалы (әрі қарай ҚТГА) облысты газбен жарақтаушы «ОблТрансГаз» КМК-ын ресми түрде нарықта алмастырды. Алайда әлі күнге дейін мемлекеттік активтердің жаңа операторға берілу жағдайы түсініксіз боп қалып отыр.

 

ЖАЙЛЫ МЕКЕНДЕ КІМ ТҰРАДЫ?

«АЖ»-ға газ операторының ауысуына байланысты жағымсыз жағдайға тап болған кәсіпкерлер тобы хабарласты. Олар құрылтайшысы облыстық әкімдік боп табылатын «ОблТрансГаз» тұсында осы кәсіпорынның кассасына газбен қамту қызметі үшін алдын ала төлем жасағандығын растап отыр. Бұл сома аз ақша емес, 100 мыңнан бастап бірнеше миллион теңгеге дейін екен. Алайда жаңа оператор «ҚазТрансГаз Аймақ» кәсіпкерлерге бұл шығындарды өтеуден бас тартып, бұрынғы оператордың есепшотына ешқандай қатысымыз жоқ дегенді алға тартып отырған көрінеді.

«ОблТрансГаз» бастығы Бауыржан ТҰХФАТОВТЫ кәсіпкерлер орнынан ұстай алмады. Ол жерден тек бір кездері КМК-ға төленген соманы қаржының жоқтығынан қайтара алмайтындығын мәлімдеген есепшіні ғана көруге болады. Есепшінің айтуынша, кәсіпорын банкротқа ұшырау алдында тұр екен. Соның ішінде ҚТГА-ның іс жүзінде «ОблТрансГазге» тиесілі кеңсеге орналасқандығы үшін жалға алу төлемін төлемеуі де салдарын тигізіпті («ОблТрансГаздың» өзі қазір осы ғимараттың бір кабинетін паналаған).

Естеріңізге салсақ, өткен жылы күрделі жөндеуден өткен ғимараттан басқа ҚТГА-ға бұл кәсіпорыннан жылына 1,3 миллиард текше метр шамасында газ жүретін 4 мың километр газ құбыры мұраға қалған. Кезінде осы майлы шелпекті облыстың бұрынғы әкімінің командасындағы «пысықай жігіттердің» алғысы келгені және осылайша басқалардың ішінде облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ пен қаржы басқармасының бұрынғы бастығы Бауыржан ЖАНТЕМІРОВТІҢ күйіп кеткені кездейсоқ емес.

 

«ЖЕРГІЛІКТІ ЕМЕСПІЗ»

Жағдайды анықтау үшін біз ҚТГА-ға сауал жолдадық. Ол жерден директоры Елдар ТАҒАШТЫҢ атынан жауап келді. Онда «ОблТрансГазға» алдын ала төленген сомалары бойынша қарыздарын қайтарып алу мәселесін кәсіпкерлер «қарыздарды қайта есептеу туралы компаниялар арасында уағдаластық болмағандықтан» «ОблТрансГаз» КМК бухгалтериясымен шешуі тиіс екендігін айтқан.

Е. Тағаш сонымен қатар ҚТГА «ОблТрансГаздың» құқық мирасқоры боп табылмайтындығын, ал оның мекемесі жайғасқан ғимарат 2012 жылдың 23 қазандағы келісімшартқа сәйкес сенімді басқаруға берілгенін хабарлады. Келісімшарт «ОблТрансГаздың» 100 пайыз құрылтайшысы боп табылатын облыстық әкімдікпен жасалғанын түсіну керек.

Біз бір кездері коммуналдық кәсіпорынға тиесілі болған және қазір ҚТГА-ға қызмет ететін активтердің берілу жағдайы туралы сұраққа жауап ала алмадық. Әкімдік меншік иесі ретінде өз мүлкіне қалауынша билік ете алатындығы, алайда мұндай істерде заңдылықтар сақталуы тиіс екендігі түсінікті. Оның үстіне мемлекеттік кәсіпорынның активтері ҚТГА-ға бүгінде газ нарығында монополиядан орын алуға мүмкіндік береді. Жаңа оператор, айтпақшы, өз монополиясын өте табандылықпен қолданып отыр. Оның атыраулықтар үшін «ауа-райы коэффициентін» енгізу әрекетін еске салайық. Оны болдырмауға біздің газетіміздің де көмегі тиген еді («АЖ», №10, 07.03.2013 ж., «Қызуын түсірдік» жарияланымын қараңыз).

 

ҮНСІЗДІК КОДЕКСІ

Ал облыстық соттың ресми жауабынан белгілі болғандай, «ОблТрансГаз» КМК банкроттығы сот тәртібімен қарастырылмаған. Мұны «ОблТрансГаз» бухгалтері растап, бізді облыстық энергетика және ТКШ басқармасына жолдады:

– Мен сіздің сұрақтарыңызға жауап беруге құзырлы емеспін, ал бастық Тұхфатов бұл жерде болмайды деуге болады. Біз облыстық әкімдікке дебиторлық бережаққа қатысты хат жаздық, бірақ ол жақта шешімін таба алмай жатыр. Мұның бәрі мемлекеттің мүлігі ғой, тарату комиссиясы ұйымдастырылуы тиіс. 

– Ал сіздер көп қарызсыздар ма?

– Көп, бірақ бізге де көп бережақ. 

Осы мәселеге жетекшілік ететін энергетика және ТКШ басқармасы бастығының орынбасары Айболат КЕНЖЕБЕКОВПЕН хабарласа алмадық. Мұның Б. Рысқалиевтың кезінде облыстық әкімдіктің ең жабық басқармасы болғандығын (құрылыс басқармасымен қоса), команда толықтай ауысқаннан кейін оның БАҚ үшін қолжетімді бола қоймағанын атап өткен жөн. Біз облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне бұл жағдайда кәсіпкерлердің шығындарын кімнің өтейтіндігі туралы ресми сауал жолдадық.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

20 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.