27 мамырда Теңіз кенішіндегі "Сенімді құрылыс" ЖШС-нің жұмысшылары Қазақстан президентіне өз талабын жолдады.
«Біз, ""Сенімді құрылыс" ЖШС-нің бір топ жұмысшысы ҚР президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА, "Теңізшевройл" ЖШС-нің бас директоры Кевин ЛАЙОНҒА Үндеу жолдаймыз.
Серіктестік жұмысы азайды, дегенмен жұмысшыларды қысқарту жүріп, жабылудың алдында тұр. ЖШС 1993 жылдан бері, яғни 30 жылдан бері тұрақты жұмыс жасап келеді. 8 мың халық осында еңбек етіп, отбасын асырап отыр. Соңғы кезде мекеме жабылады деген ақпарат тарады. Біз Мәжіліс депутаттары атына ашық хат жолдап, мыңдаған жергілікті тұрғын жұмыс жасайтын мекеменің жабылмауына ықпал етеді деп сенім білдірген едік. Бірақ 10 мамырда жазған хатымызға жауап болмады. Енді екі талаппен үндеу жолдаймыз, біріншіден, жұмыссыздықты болдырмау үшін "Сенімді құрылыс" ЖШС-нің жұмысын жандандыру, екінші, осы мекемеден қысқартылып кеткен мыңдаған адамдарды қайта жұмысқа алу».
Айпақшы, қаңтар айынан күні бүгінге дейін ЖШС мен оған қарасты мердігер мекемелерінен 139 жұмысшы қысқартуға ұшыраған.
«АЖ» сауалына «Теңізшевройл» ЖШС-нің баспасөз қызметі мынадай мәлімдеме жолдады: "Теңізшвройл" (ТШО) үшінші тұлғалардың болжамдары мен мәлімдемелеріне түсініктеме бермейді. ТШО-ның мердігер мекемелерінің қызметіне қатысты кез-келген сұрақтарды өздеріне жіберген абзал".
"Сенімді құрылыс" компаниясы мен Жылыой аудандық әкімшілігімен бізге белгісіз себептермен хабарласу мүмкін болмады.
«Ендігі бар үмітіміз – Призидентте», - дейді ЖШС-де жұмыс жасайтын жергілікті тұрғындар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА