Атырау, 5 қараша 11:33
 дождьВ Атырау +11.3
$ 452.91
€ 509.43
₽ 5.53

Әйел жауынгер "Китана" алғаш рет Қазақстанның элиталық спецназына қабылданды

75 рет қаралды
gov.kz
gov.kz

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы жасағының қатарына тарихта алғаш рет әйел әскери қызметші қабылданды. Арнайы жасақ сарбазы атанған – жекпе-жек спорт түрлерінен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, «Китана» лақап атымен танымал Қымбат.

Қымбаттың элиталық бөлімшеге келу жолы Дубайда өткен беделді SWAT Challenge халықаралық жарысынан басталды. Онда ол Қазақстанның «Томирис» әйелдер құрамасы сапында өнер көрсетті. Командамыз әйелдер арасында бірінші орын алса, жалпы есепте ондаған ерлер командасын басып озып, 18-орынға тұрақтады.

Жарыс барысында «Китана» нысана көздеудегі ерекше дәлдігімен көзге түсіп, «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлерінің назарын аударды. Оған бірден жасақ қатарына қосылу ұсынылды. Қыз бұл ұсынысты еш ойланбастан қабылдады.

Алғашқы әйел спецназ жауынгерінің спорттық жетістіктері аз емес:

  • Қоян-қолтық ұрыс: Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарының жүлдегері, Әлем кубогының күміс жүлдегері.

  • Джиу-джитсу: әлем және Азияның 3 дүркін чемпионы, Еуропаның 2 дүркін чемпионы.

  • ММА және жауынгерлік самбо: ММА бойынша Қазақстан және Азия чемпионы, самбодан ел чемпионы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері.

  • Дүниежүзілік полиция ойындары: дзюдодан алтын, джиу-джитсудан күміс жүлде иегері.

Қымбат – қоян-қолтық ұрыс пен джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сондай-ақ самбо және ММА спорт түрлерінен спорт шебері.

Қазір «Китананың» басты мақсаты – күрең берет кию құқығына ие болу үшін қатаң сынақтан өту. Егер сынақтан сәтті өтсе, ол Қазақстан Ұлттық ұланының тарихында арнайы жасақ жауынгерінің ерлігі мен шеберлігінің ең жоғары символына айналған күрең беретке қатысты біліктілік емтиханын тапсырған алғашқы әйел болады.

Бүгін, 10:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.