Тіршілік нәрі - ауыз судың тапшылығы Жылыой және Исатай аудандарында басты проблемаға айналып отыр.
Судың тапшылығы мен түсінің бұзылуы Жылыой және Исатай ауданының суды "Астрахан-Маңғышлақ" магистралдық су линиясынан алатынына қатысты болып отыр. "Магистральдық суағызғысы" ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Асқар ҚҰЛТУМИЕВТІҢ мәлімдеуінше, тұтынушылардың өсуіне орай магистралды линияны реконструкциялау жұмысы кезінде судың сапасында өзгеріс болған.
Исатай ауданы: сары түс кетпеді
Жанбай (16 шақырым), Х. Ерғалиев (20 ш), Зинеден (11 ш) ауылдарында су жетпестігі орын алған. Ауыз судың түсі де өзгерген.
- Бүгінде аталған ауылдарда жағдай қалыпқа түсуде. Су үздіксіз берілуге көшті. Жасыратыны жоқ, судың сарылығы жойыла қойған жоқ. Екі күн бұрын ауыз судан сынама алынып, лабораториялық зерттеуге жіберілген болатын. Қорытындысын күтіп отырмыз, - дейді Исатай ауданы әкімі Нұрым МУСИН.
Жылыой ауданы: су бағасы шарықтап кетті
Құлсары тұрғындарын ауыз сумен қамту жайы да шешіле бастаған. Алайда мұндай сападағы суды тұтына алмаған жылыойлықтар шу шығарып, бұл проблема шешілмейтін болса, Үкіметке дейін шығатынын мәлімдеді. Ауыз судың тапшылығынан дүкендегі сулардың бағасы күрт көтеріліп, тіпті кейбір үйлердің насостары істен шығып, фильтрлер жарамсызданған.
Қала әкімшілігінде аудан белсенділері мен депутаттардың қатысымен жиын өтті. Кейін "Жылыойсу" МКК директорының міндетін атқарушы Батыр ШӘКІРҰЛЫ мынадай мәлімдеме таратты: "Құрметті Құлсары және Жаңа Қаратон ауылдары тұрғындары, судың лайлануына байланысты 15-31 мамыр аралығындағы судың төлемақысы есептелмейді, яғни, 50 пайызы ғана есепке алынатынын қаперіңізге береміз".
Алайда жергілікті тұрғындар бұған риза емес.
- Ауыз су қалыпқа келгенше, халықтан бір тиын төлемақы алынбауы тиіс. Өйткені бірінің насосы, бірінің тазалау фильтрі істен шықты. Дүкендер еселеп су бағасын көтерді. Айналғанда халық зардабын шегіп отыр.
Жылыой ауданының тұрғыны Әбдіхалық СИСЕНБЕРДИЕВТІҢ айтуынша, осындай жағдайға жеткізген "Магистралдық суағызғысы" ЖШС жауап беруі тиіс.
«АЖ»-ға белгілі болғандай, мұндай нашар сападағы суды тұтыну мүмкін емес. Амалсыз тұрғындар суды "тазартудың" қарапайым әдісіне көшкен.
Айтпақшы, судың тапшылығына байланысты облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ мәселені шұғыл шешуге тапсырма берді. Енді нақты мәселені шешетін шығар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА