Атырау, 24 қараша 13:58
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Құлсарылықтар: «Талабымыз орындалмаса, Теңіз кенішіне баратын жолды жауып тастаймыз»

Сурет Бейнежазба
1 245 просмотра

Құлсарыдағы наразылық екінші күнге жалғасты. Наразылылар Махамбет даңғылының аудандық әкімшілік ғимаратының алдындағы алаңнан кетпей, алдыңғы күнгідей әкімшілік ғимаратының еденінде түнемекші.

Күндіз түскі 12-ден кете интернет желісі нашарлап, артынан мүлдем өшіп қалды. Оқиға орнында болған «АЖ» тілшісі редакциямен тек кешке ғана байланысқа шықты. Интернет желісі шамамен бес сағаттай болмады. Тіпті кейбір ықшам аудандарда жарық өшіп қалды. Әр жерде полицейлер жолды қоршап тұрды. Әскерлер келген автобус та қаңтарылып тұр.

"Ақшамызды қолымызға берсін" деген плакатты ұстағандар өз талаптары орындалмайынша алаңнан кетпейтінін мәлімдеді.  Облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ  халықты сабырға шақырып, келісуге тырысты:

- Жұмыстар жасалып жатыр, зерделеніп бағаланған үйлердің қорытындысы 100 шақты үйге таратылды. Заң аясында шаршы метріне қарай қаржы бөлінетін болады. 15 мамырдан бастап тасқыннан зардап шеккендердің баспанасына бағалау қорытындысы беріле бастады. Бір аптаның ішінде бұл жұмыс аяқталады деп отырмыз. Енді шаршы метріне орташа бағамен 200-ден бастап 240 мыңға дейін бағаланатын болып шешілді. Бұл жөнінде менің әріптестерім хабардар етті. Бұл жақсы баға, - деді С. Шәпкенов.  

Алайда көпшілік бұл бағамен келіспейтінін ашық жеткізді. Олар әр үй шаршы метрі 400 теңгеден есептелсін деп ұрандатты. 

- Менің 197 шаршы метр үйімді 13 млн-ға бағалапты. Ал бүлінген заттарымды – жиһазымды, техникамды 600 мың деп көрсеткен. Бұл қалайша бағаланған? Бір тоңазытқыштың өзі 300 мың теңге тұрады. Бұдан бөлек кір жуу машинасы, газ плитасы, кондиционер, т.б. заттарым... Мұның бәрі 600 мың теңге тұра ма?

- Бұл күлкілі бағаны қайдан алып, қалайша бағалаған? – деп айқайлады адамдар.

Бұдан кейін де бірнеше адам сөйлеп, облыс әкімін ортаға алды. Әйелдердің бірі микрофонды алып, билік ұсынған өтемақы туралы шешімді қолдауға тырысып, оны «идеальный сома» деп атады. Алайда ол мұны айтып үлгермей жатып, төбелес басталып кете жаздады. Әскерилерге зейнеткерді ашулы әйелдерден арашалауға тура келді. Жалпы, диалог нәтиже бермеді. Ал. Шәпкенов бұдан кейін үйі суға кеткендер баспанасын бұзып алып, жаңа үй тұрғызуға болатынын жеткізді.

- Қанша сабырға жеңгенімізбен осы Құлсарының мұнайымен Астананы салдық, Түркістанды көркейтіп жатырмыз, енді кезек Құлсарыға келді емес пе? Біздің сұраған ақшамызды қолымызға беріңіздер, басқа бізге ештеңе керек емес,- деп тұрып алды көпшілік.

Облыс әкімі бір сағаттан кейін ақылдасып шешу үшін әкімшілікке кіріп кетті.

Бір сағат емес, екі сағаттан кейін облыс әкімі С. Шәпкенов ортаға қайта келіп: «Біз саралай келе, шаршы метрге 200-240 мың теңгеден беруді ұйғардық», - деп бұрынғы сөзін қайталады. Басқа шешім күткен қалың жұрт әбігерге түсті. Қалың көпшілік Теңіз кенішіне баратын жолды жауып тастайтынын ескертті.  Жағдай сағат сайын шиеленісіп барады: адамдар қатты шаршаған. Көпшілік арасында «Жоғалтатын ештеңеміз қалмады» деген сөздер жиі естіледі.

Наразылық жалғасуда. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

17 мамыр, 01:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.