Атырау облысы аумағында үйірлі шегірткелердің екі түрі – азиялық және итальяндық шегірткелердің табиғи ошақтары бар.
Биыл оларға қарсы 86210 га аумақта химиялық күрес жұмыстары жоспарланды, оның ішінде 28110 га азиялық шегірткеге, 58100 га итальяндық прусқа қарсы.
Оларға қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын «АвиаСила» ЖШС 3 борт дельтапланымен әуе арқылы және «Магтоксин» ЖШС 1 дана аэрозолды газогенератор, 1 дана желдеткіш бүріккіштерімен жерден өңдеу арқылы жүргізеді.
Бүгінгі таңда жоспарланған аумаққа бөлінген пестицидтер облысқа келіп, жұмыс аймақтарына бөлініп тұр.
Саяқ шегірткелерге қарсы 10095 га, шалғын көбелегіне қарсы 1600 га жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілмек.
Осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, әлеуеттік қызмет көрсетушілер анықталып, келісім-шарттар жасақталуда.
«Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» (РФДжБӘО) РММ филиал мамандарының зерттеу нәтижелеріне сәйкес, шегіртке дернәсілдерінің жаппай шығуы 20 мамырға сәйкес келеді. Соған байланысты, қызмет көрсетуші мекемелер де техникаларымен облысқа сол уақытқа шақырылып отыр.
Ауа-райының қалыптасуына байланысты көрінген зиянды организмдердің биологиялық ерекшеліктері мен заңнамалық мәселелер бойынша сала мамандары теледидар, әлеуметтік желілер және жергілікті басылымдарда жүйелі түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.
"Зиянкестердің сан мөлшері зиян тигізудің экономикалық зияндылық шегінен (ЭЗШ) асқан жағдайда мемлекеттік инспекторлармен ӘҚБК-нің 403-2 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған", - деп хабарлады ҚР АШМ АӨК МИК Атырау облыстық аймақтық инспекция басшысы Абила Қазиева.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА