Индербор кентінің тұрғыны Мақсот БИСЕНОВ бау-бақшаны баптап-күтудің нағыз шебері. Ол тіпті жеміс ағаштарын будандастыру арқылы жетістікке жетіп жүр.
Бұл кәсіппен кезінде Мақсоттың марқұм әкесі Мәди айналысқан еді. Әкесінің осы ісін жалғастырған ол жұмыстан қолы босай қалса, бақшалы ауласынан табылатын. Осы сүйікті ісіне шын берілгені соншалық жеміс ағаштарын будандыстыру әдісін бес-алты жылдан бері қолға алған.
- Бірде таныс жігіттің ауласынан алма ағашынан алмұрттың өсіп тұрғанын көріп таң қалдым. Ол кезде интернет деген жоқ, өзге ұлт өкілдерінен сұрасаң, құпиясын аша бермейді. Бұл жұмбақтың шешуін тауып, іске асыру үшін кітапханалардағы кітаптарды ақтарудан бастадым. Одан қалса «Приусадебное хозяйство» журналының тұрақты оқырманына айналдым. Негізі өзімнің тумысымда еріншектіктен гөрі ізденгіштік бірінші орында тұратын. Бір алған ісімді аяғына дейін жеткізу табандылығымның арқасында бұл құпиялы жұмысты мен де бастап кеттім, - дейді М.Бисенов.
Бастапқы кезде бағбаншының будандастыру жұмысы тәжірбиесінің аздығынан сәтсіздікке ұшырапты. Ерте пісетін алмаға жәй шығатын алманы будандастырып көрмек болғанынан нәтиже шықпады. Алған бетінен қайтпайтын Мәкең енді ол әдісті керісінше жасап көрді, әрі ағаштың жоғары жағындағы емес төмендегі бұталарға салып көргенінің арқасында будандасқан жеміс ағаштары бірден көктеп алып кеткен. Мәселен, бағбанның ауласының бір шетінде қос алша өсіп тұр. Раушангүлдер тұқымдасына жататын бұл ағаш Балқан, Кавказ, Орта Азия, Иран, Қырым жағында жақсы өсіп, жемісін береді. Осыны жергілікті жерге жерсіндіре шығарып өнім алса, ал тағы бір алшасында өрік және сарыөрік ағашы бірге өсіп жайқалып тұр. Енді бір алма ағашында сары, қызыл, жасыл түстес алма түрлері бірге будандастырылған. Алма ағашымен алмұрт, айваны бірге будандастырып, жемісін көріп жүр екен. Бағбан будандастырудың екі әдісін жасады, енді үшіншісіне көшті. Бұрынғы әдіспен будандастырған жеміс ағаштарын целлофан орап қойса, ал үшіншісінде будандастыратын талдың диаметріндей етіп бұрғымен тесіп алып, дәл сол көлемде талды орнына тыға қойса жеткілікті. Ең бастысы будандасқан жеміс ағаштарының бүр жарған кезінде әр талдың қабығының астындағы жасыл қабаты сәйкес келуі керек екен.
1962 жылы Индербор кентінде дүниеге келген Мақсот осындағы М. Әуезов мектебін бітіргеннен кейін Қарағанды қаласындағы политехникалық институттың тау-кен факультетін тәмамдайды. Индер борат кенішінде шебер, цех бастығы, учаске басшысы болып еңбек еткен.
Мақсоттың бақшасын араласаң, неше түрлі жеміс ағаштарын көрер едіңіз. 30-дың үстінде жеміс ағаштарын тарқатып айтсақ, алма, алмұрт, шие, қызыл шие, айва, таңқурай, өрік, қара, сары алхоры... болып кете береді. 6 түрі бар жүзім бағы бір бөлек. Бақшаның ашық жеріне неше түрлі сұрыпты құлпынай ексе, тіпті биыл тұқымнан қызғалдақты өсіріп шығарыпты.
- Мен бақшаға кіргеннен ағаштармен сөйлесемін, мұным күлкүлі болар, бірақ олар жылы сөзді де жақтырады. Менің екі қызым Ботакөз, Алтынайдан бөлек Темірлан ұлым да бау-бақшаға әуес. Анасы Гүлбаршынмен бірге екеуі ауладағы шағын жылыжайды дамытып отыр. Электр сәулесінің қызуы арқылы қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, т.б. көшеттерін шығарып, кейін аулаға егіп өзімізге жетерліктей өнімді жаз бойы жеп, қысқа сақтап та қоямыз. Негізі бау-бақшаны күтсең, өз жемісін беретіні анық, түптеу, суару, түрлі зиянкестерден қорғау үшін дәрілеу, тыңайтқыш беруді жүйелі іске асырғанның арқасында ғана ие боласың,-дейді Мақсот Бисенов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор