Атырау, 18 мамыр 08:59
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Қазақстанда TikTok-қа тыйым салынса, бірінші кімдер жапа шегеді?

482 просмотра

Күні кеше көршілес Қырғыз Республикасы TikTok желісін бұғаттады. Қазақстанда бұл мәселе күн тәртібінде тұрмағанымен, TikTok бұғатталуының әсері қандай болуы мүмкін? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі шолу жасады.

Жақында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров балалар TikTok арқылы тәрбиеленіп жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Сөзінше, әлеуметтік желіде пайдалы контент те, теріс қылықтарға бастайтын материалдар да жеткілікті.  

"Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралып жатыр. Оларды балалар тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырауда. Хайп қуып, пранк деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды", - деп атап өтті депутат.

Халық қалаулысы TikTok-тағы заңға қайшы контентке шектеу қоюды ұсынып отыр.

Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда TikTok-ты бұғаттауға қатысты мәселе шешілмегенін, бұл жан-жақты қаралуды қажет ететінін айтты.

"Оны бұғаттау мәселесінде көрші елдердің тәжірибесін қарап отырмыз. Қазіргі таңда әлеуметтік желілердегі материалдарда құқық бұзушылық деректері көбейіп кетті. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Оның барлығы біздің ұлттық қауіпсіздігімізге әсер етсе, әлбетте, осындай іс-шараларды қабылдауға тура келеді. Бұл әлі шешілген жоқ", - деп жауап берді ведомство басшысы.

Министрдің бұл мәлімдемесіне TikTok көп ұзамай үн қатты.

"Біз Мәдениет және ақпарат министрлігінің елде TikTok-ты бұғаттау мүмкіндігін қарастырып жатқанына қатты таңғалып отырмыз. Себебі министрлік Қазақстандағы біздің көптеген бастаманы белсенді қолдайды, мәселен, "Наурыз" онлайн фестивалін, қысқа бейнефильмдердің шығармашылық байқауын айтсақ болады", - делінген TikTok таратқан хабарламада.

Әлеуметтік желінің хабарлауынша, TikTok үшін қолданушылардың, әсіресе жастардың қауіпсіздігі басты орында.

Datareportal сараптамалық платформасының деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың қаңтары бойынша Қазақстан халқының 92 пайызы (18,19 млн адам) интернет қолданады. Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар саны – 14,10 млн адам. Соңғы жылы TikTok аудиториясы 3,7 млн адамға өскен. Instagram аудиториясы – 15,8 пайызға, Facebook қолданушыларының саны 18,2 пайызға артты.

TikTok-тың балама құралы дайын тұр

"Өзді-өзін таныту деп айтып жатамыз ғой. Бала болғаннан кейін саналы жасқа дейін осы процестен өтуі керек. TikTok бұл жағынан алғанда жақсы алаң. Әрине, ата-ана қадағалай білуі тиіс. Баяғыда әлеуметтік желі адамды бақытсыз қылатын құрал деп айтылды. Мәселен, Инстаграмды алайық. Ол жақта әдемі өмірді көрсетеді. Пайдалы ақпарат қараймын дегеннің өзінде "табысты өмірге" қатысты контент шыға береді де, адамның ойын бөліп жібереді. Осылайша адамда өзін басқа біреулермен салыстыру басталады. TikTok-та ондай нәрсе жоқ. Онда бейнежазбалар өте қысқа. Бұдан бөлек оның алгоритмі де жақсы. Егер рухани салаға қатысты контентке лүпіл бассаңыз немесе жазылсаңыз, негізінен тек сондай ақпараттар шығатын болады. Артық ақпарат келмейді", - деді IT маманы Лаура Тлепина inbusiness.kz тілшісіне берген жауабында.

Сарапшы TikTok-ты бұғаттағанымен, мәселе шешілмейді деген пікірде.

"TikTok болмаса да, бала өзіне керек дүниені бәрібір тауып алады. TikTok-пен проблема шешілмейді, ата-аналардың балаларына жіті көңіл бөлгені ғана маңызды. Егер ата-ана баласына қажетті көңіл бөлмесе, онда бала бос уақытын TikTok-та болсын, егер оны алып тастаса, YouTube-та өткізеді. Оны алып тастаса, Facebook, Instagram деп кете береді. Жалпы TikTok-ты алып тастаған жағдайда, ертең оған балама – YouTube дайын тұр", - деп атап өтті Лаура Тлепина.

Тыйым салудың соңы неге әкеледі?

Экономист, танымал PR маманы Айбар Олжай TikTok-тан бас тартудың салдары туралы сұраққа жауап іздеп көрді.

"Біздегі креативті экономика көлемі шамамен 30 миллиард теңгеден асады. TikTok бұғатталса, осы көлем қысқара ма? Меніңше, дым да болмайды. Құрылымдық түрде алып қарасақ, TikTok тек құрал ғана. Ол өз бетінше контент жасамайды. Контентті жасайтын адамдар. Сондықтан олар бәрібір балама басқа құрал тауып алатыны заңды", - деді ол.

Сөзінше, TikTok бұғатталуының экономикалық әсері бар.

"Ол әсер біз мүлде күтпеген жақтан – геосаясаттан келмек. TikTok-қа қатысты саясиланған дау кезінде АҚШ пен Қытай арасынан шыққан болатын. Бір қызығы, TikTok Қытайда жоқ. Ол Гонконгта ғана ашық болды да, 2020 жылы Қытай билігінің қысымымен одан да кетуге мәжбүр болды. Бірақ TikTok – Қытайдың ByteDance IT-компаниясының өнімі. Оның ең негізгі құнды технологиясы – видеоны таңдап, әр адамға үлестіретін алгоритмі. АҚШ осы алгоритмдердің Қытай инженерлерінің қолында болғанын қаламады. Тик-Ток АҚШ аумағында бұғатталмас үшін, ол АҚШ компанияларына сатылсын деген талап қойды. Яғни, алгоритм, орталық серверлері АҚШ аумағында болуы тиіс. Ал Қытай ByteDance компаниясына Тик-Токты АҚШ-қа сатуға тыйым салды", - деп атап өтті экономист.

Экономист Бауыржн Ысқақовтың сөзінше, көп адам бұл желіні өзінің компаниясын жүргізу, табыс табу үшін пайдаланады.

"Мысалға қазіргі уақытта TikTok-қа салынған жарнаманың өзі дәстүрлі жарнамадан асып өткен. Жалпы көлемі 54 млрд теңгеден асып отыр деген ақпарат бар. Соның ішінде тікелей TikTok платформасындағы жарнамалардың мөлшері 4,5-5 млрд теңге. Ол экономикаға қалай әсер етеді деп айтатын болсақ, бұл бірінші кезекте осы салада табыс тауып, тауарын жарнамалап отырған кәсіпорындар мен азаматтар үшін үлкен соққы болуы мүмкін. Бюжетке түсетін салықтардың көлемі де азаюы мүмкін. Өйткені бізде қазірдің өзінде 14 млн-ға жуық азамат TikTok қолданады. Одан кейін шағын және орта бизнес, блогерлер, шоу бизнес өкілдері де ТикТокты өздерінің контенті ретінде қалыптастырып, монетизация жасаған. Енді желінің қандай зияны бар дегенге келсек, көбі оның ұлттық қауіпсіздікке, тағы басқа ақпараттың сыртқа шығып кетпеуінің алдын алу үшін жабу керек деп отыр. Оны жаба отырып, өзіміздің отандық TikTok сияқты өзіміздің нарыққа бейімделген платформаның ашылуына мүмкіндік берілуі мүмкін", - деді сарапшы.
4 мамыр, 12:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.