Қатардағы сарбаз Мейірхан ИМЕНОВ.
ИМЕНОВТАР отбасы осыдан бір жылдан аса уақыт бұрын «Арқан-Керген» шекара бекетінде қаза тапқан шекарашылардың туыстарына тиесілі 800 мың теңге өтемақыдан бас тартты.
- Өтемақы төлеу жөнінде Үшаралда болған ескерткіштің ашылуы жиынында хабарлады. Біз және Денис РЕЙДІҢ әке-шешесі бұл өтемақыдан бас тарттық. Себебі, ұлдарымыздың тірі екеніне сенеміз. Берлин қаласындағы Шарите институтында молекулярлық-генетикалық сараптама өткізіліп, Рүстем АҚЫЛБАЕВТЫҢ денесі ғана танылып еді. Неміс сарапшылары қалған сүйек қалдықтарының кімдікі екенін анықтай алмады. Онсыз да аурушаң жарымның денсаулығы соңғы кездері болмай жүр. Тұңғышымыздың із-түзсіз жоғалуы қасірет болып жабысты, - дейдіМейірханның әкесі Сағындық ИМЕНОВ.
Сағындық ИМЕНОВ.- Мейірханды іздеу жұмыстары тоқтатылып қалған жоқ па?
- 30 мамырда Үшаралдағы жиында прокуратураға, шекара бастықтарына «ұлым қайда» деп сұрақ қойдым. Олар жарытымды жауап бермеді. Бірақ мен ұлымды іздестіруді тоқтатпаймын.
- Енді не істемексіз?
- Алматыда 21 маусымда ЧЕЛАХТЫҢ ісі қайта қаралады. Сол сотқа қатысқым келіп отыр, ұлым туралы тың деректер табылып қалады ма деп үміттенемін.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА