Атырау, 28 мамыр 15:01
 ашықВ Атырау +21
$ 442.84
€ 480.97
₽ 5.00

Конституциялық Сот: соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол бермейтін конституциялық норманы сөзбе-сөз түсіну керек

296 просмотра
Ашық дереккөзден алынған сурет

Бас прокурор Конституциялық Сотқа «Конституцияның 25-бабының «соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» және 26-бабының «соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды» деген ережелеріне ресми түсіндірме беру үшін жүгінді.

Өтініштен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 21 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – 2019 жылғы 21 қаңтардағы Заң) 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 252-бабының бірінші бөлігіне және «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заң) 55-бабының 8-тармағына сот орындаушыларының атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулыларын санкциялау міндетін прокурорға жүктейтін өзгерістер енгізілгенін түсінуге болады.

Қарау қорытындысы бойынша Конституциялық Сот мынадай ресми түсіндірме берді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабы 3-тармағының «соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды» деген нормасын меншік құқығының маңызды конституциялық кепілі деп түсіну керек. Конституцияда азаматтардың заңды түрде алған кез келген мүлкінің меншік құқығына кепілдік беріледі. Барлық даулы жағдайларда мүліктен айыру сот алдын ала қабылдаған шешім негізінде немесе мүлікті иеліктен шығарудың заңдылығына кейіннен сот бақылауы мүмкіндігімен заңда көзделген өзге де тәсілдермен жүргізілуі мүмкін.

Соттың шешімінсіз тұрғын үйден немесе өзге де мүліктен айыруға тыйым салу туралы конституциялық ережелер (25-баптың 1-тармағы және 26-баптың 3-тармағы) меншік иесінің ауысуы өз еркімен болмаған жағдайларға қатысты.

Прокурор заңда белгіленген шектерде және нысандарда мүліктен айыру заңдылығының сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады және заңда көзделген жағдайларда борышкердің өзіндегі не өзге де жеке және заңды тұлғалардағы мүлкіне (тұрғын үйінен басқа) мәжбүрлеп өндіріп алуды қолдану рәсіміне санкция береді немесе санкция беруден бас тартады. Бұл ретте, егер осы мүлік ортақ бірлескен меншікте болса, оның басқа меншік иелерінің заңды мүдделері қозғалмауға тиіс. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, жеке және заңды тұлғалар заңға сәйкес сотқа жүгінуге құқылы.

Конституцияның 25-бабының 1-тармағында қамтылатын және «соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» дегенді белгілейтін норманы тұрғын үй, мүлік және меншік құқығы, адамның өзге де құқықтары мен бостандықтары туралы конституциялық нормаларды ескере отырып, сөзбе-сөз түсіну қажет. Адам тұрғын үйінен прокурор санкциясының негізінде емес, сот шешімімен ғана айырылуы мүмкін. Прокурордың тұрғын үйге мәжбүрлеп өндіріп алуды қолдану рәсімін санкциялауы сот шешімінің күшін жоймайды, оны алмастырмайды және оған тең келмейді

Тұрғын үй адамның және оның отбасы мүшелерінің өмір сүру конституциялық құқығын іске асыруы үшін аса маңызды мүліктің ерекше түрі ретінде Конституцияда ерекше қорғауға ие. Өзін демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратын, сондай-ақ Қазақстанда азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалады деген конституциялық ережелерді бекіткен Қазақстан Республикасында тұрғын үйге қолсұғылмаушылыққа және оның тек қана сот арқылы құқықтық қорғалуына кепілдік беріледі: адамды тұрғын үйінен оның келісімінсіз айырған жағдайда сот шешімі міндетті және баламасыз болады. Азаматты тұрғын үйінен, әсіресе жалғыз тұрғын үйінен айыру кезінде онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің, оның ішінде кәмелетке толмағандардың заңда бекітілген құқықтары ескерілуге тиіс.

Атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз ететін органдар тұрғын үйдің меншік иелерінің конституциялық құқықтары мен заңдарда белгіленген кепілдіктерін сақтауға, азаматтарға мүлкі мен тұрғын үйіне мәжбүрлеп өндіріп алу қолданылғанға дейін олардың құқықтарын түсіндіруге, ал олар келіспеген жағдайда, Конституция талаптарының (25-баптың 1-тармағы және 26-баптың 3-тармағы) орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.

Конституциялық Сот осы түсіндірмені ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен және Қазақстан Республикасының басқа да мүдделі мемлекеттік органдарымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына берілген түсіндіруді және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, тұрғын үйден айыру рәсімін құқықтық реттеуді жетілдіру, соттың, прокуратура мен атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз ететін органдардың мүліктен және тұрғын үйден айыру кезіндегі құзыретін нақтылау, азаматтарды, кәмелетке толмағандарды қоса алғанда, олардың отбасы мүшелерін жалғыз тұрғын үйінен айырған кезде олардың тұрғын үй құқықтарын құқықтық қорғауды күшейту мәселелерін қарасын.

Ресми түсіндіру туралы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

22 сәуір, 12:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.