Атырау, 4 мамыр 05:41
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Президент қазақстандықтар қызу талқылаған заңға қол қойды

334 просмотра

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы өз Жолдауында кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны қатаңдатуды, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыруды және зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын.

Заң жобасын сенат депутаттары 2024 жылдың 11 сәуірінде мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберген болатын. Заң Қазақстанда педофилдердің, әйелі мен баласын ұратындардың жазасын қатайтады.

Заң жобасын әзірлеуге Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың мүшелері белсене қатысқан.

Сенатор Жанна Асанова заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталғанын айтқан еді.

«Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында қалыптасып отырған жағдай мен оның статистикалық көрсеткіштері осы саладағы құқық бұзушылықтарды криминалдандыруды, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ететін тиімді құқықтық база қалыптастыруды талап етіп отыр», - дейді сенатор.

Заң балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткендерге жеңіл жаза тағайындауға тыйым салады.

«Жас баланы өлтіргені үшін (99-бап), жас балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны үшін (120-бап) және жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазалау шараларын алып тастау арқылы, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді», - дейді Асанова.

Айта кетейік, Заң жобасы әзірленіп, талқыланып жатқанда Қазақстанда экс-министр Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып-соғып, өлтірген болатын. Қазір оның сотын тікелей эфирде ТМД елдері мен алыс-жақын шетелдегі азаматтар көріп жүр. Қазақстандағы қоғам белсенділері осы құжатты  «Салтанаттың заңы» деп атап кетті. Заң жобасы мәжілістен өтіп, Сенаттың қарауында жатқанда 5000 мыңнан астам адам өз ойын айтып, жоғары палатаға өтініш түсірген.

 

Ақорданың мәліметіне сүйенсек, әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді:

  • денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды;
  • неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған;
  • отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беругеміндетті болады;
  • тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді;
  • өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтірудінасихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;
  • 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды;
  • кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді;
  • білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті;
  • 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.
15 сәуір, 14:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.