5 наурызда әлеуметтік желіде «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС жұмысшыларының-мыс
ұжымдық үндеуі пайда болды. Бұған «зауыттың әл-ауқатын қорғауды және
әділеттілік орнатуға үлес қосуды парыз санайтын» АМӨЗ қызметкерлерінің алаңдаушылығы
себеп болыпты.
Бұл үндеумен танысқанда, оның шынайылығына күмәнданып, мүдделі тұлғалар бұрмалағандай сезімде қаласың. Нақты фактілерді қарастырайық.
Үндеуде ұжым «жоспарланған және бағытталған жұмысқа» кедергі келтіретін тексерулерге шағымданады. Алдымен АМӨЗ бұрынғы бас директоры Шухрат Данбайға қатысты істі еске алған: қызметкерлерден жауап алынып, олар «моральдық қысымды» бастан өткерген. Бірақ өндірісте жазатайым оқиғалардың орын алуына жол бермеген. Бұл бопсалау шегіндегі қызықты пайымдаулар екен.
«Сот кабинеті» жүйесінде көпшілікке қолжетімді Ш.Данбай мен Қ.Сейдуалиевке қатысты қылмыстық іс бойынша ҚР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының №2уп-331-23 қаулысына жүгінейік.
Осылайша, сот Ш.Данбай мен «AVC Group» ЖШС арасында қалыптасқан өзара тиімді қарым-қатынасты анық көрсетті. Кәсіпорын ол басшылық еткен кезеңде «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ-ын жабдықтаумен айналысып, үлестес компаниялармен бірге «Павлодар өңірінің бокс федерациясы» ҚБ және президенті Данбай болған Атырау облысы бойынша «Облысық әуесқой бокс федерациясы» ҚБ есепшотына 200 миллион теңге аударды.
«AVC Group» ЖШС өндіруші зауыттың ресми өкілі «ABB» ЖШС-нен 82,2 миллион теңгеге 4 хроматограф сатып алып, бірақ Консорциумның кепілдігімен жеткізілім сомасын 495,5 миллион теңгеге көтеріп, осы хроматографтарды АМӨЗ-ге 577,7 миллион теңгеге жеткізген.
2019 жылы зауыт Консорциумнан (Қытайлық Sinopec Engineering компаниясы, жапондық Marubeni Corporation компаниясы және «НГСК «КазСтроСервис» АҚ) мұнайды терең өңдеу кешенін (келісімшарт сомасы 555,6 млрд теңге) қабылдады.
2016 жылы Консорциум АМӨЗ-ге электр энергиясын өндіруге арналған М-0151 турбодетандер берді. Ол үшін зауыт Sinopec Engineering компаниясына 4,1 млрд теңге аударды. Бірақ жабдық ақаулы болып шығады. Бір көзден сатып алу арқылы 2020 жылдың 24 қыркүйегінде АМӨЗ «ЭОН Энерго» ЖШС-мен шарт жасасады, ол өз кезегінде «AVC Group» ЖШС-мен үлестес «AVC Production» ЖШС-мен детандерді жөндеу және іске қосу жөнінде келісім-шартқа отырады. Ақша төленді, бірақ детандер жұмыс істемейді.
2018 жылы Консорциум бірінші R-1301 реакторынан PI-244 маркалы Parisom жеңіл нафтасын изомерлеуге арналған жабдықты жеткізді. Оған АМӨЗ 1,5 млрд теңге төледі. Зауытты іске қосу кезінде жылу соққысының әсерінен катализатор тоқтап қалады. Данбай бұл катализаторды жеткізуді 2021 жылға арналған сатып алу жоспарына енгізсе, одан кейінгі бас директор А.Қайырденов оны «NOVUS Energy» ЖШС-нен 1,7 млрд теңгеге сатып алады.
Сонымен қатар Ш.Данбай ақаулы жабдықты (F -0101, F -0102, F -0103, F -0104 сүзгілері мен каталитикалық крекинг қондырғысының F -0201 суспензия сепараторы) қабылдап алады. Бұл құрал-жабдық үшін 728 миллион теңге бойынша зауыт басшылығы тарапынан ешқандай шара алынбаған. 2022 жылы тексеру жұмыстары сүзгілер мен суспензия сепараторының жұмыс істемейтінін көрсетті.
Мұндай істер үшін АМӨЗ жұмысшылары «моральдық зиян шегіпті», бірақ мұндай ірі кәсіпорындарда бәрі ұжымдық түрде жасалады. Сондықтан зауыттың әл-ауқатын қорғауға Данбай мен Сейдуалиевке бірқатар қызметкер «көмектесті».
Үндеуде 2022-2024 жылдары АМӨЗ бас директоры қызметін атқарған Мұрат Досмұратовты жағымды түрде айтып өтеді. Бірақ оның да кәсіпорындағы «көлеңкелі істерге» қатысы бар болып шықты.
ҚР Қаржы мониторингі агенттігі «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС басшылығына қатысты мемлекетке аса ірі көлемде залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Досмұратовтың және басқа да зауыт қызметкерлерінің қаншалықты кінәлі екенін, әрине, сот анықтайды.
Ұжымдық мәлімдемеге сүйенсек, АМӨЗ басшылығы да, барлық жұмыскерлері де «сүттен ақ, судан таза» болған, ал сатып алу кезінде көптеген заң бұзушылықтар өз-өзінен туындаған.
Жалпы еліміздің болмысында ұжымдық үндеулер жиі бұрмаланады. Қол жинау қарапайым, ағымдағы құжаттар (мысалы, аванс беру үшін) бойынша жасалады, содан кейін алғашқы парақтары қажетті парақтармен ауыстырылады.
«АЖ» жоғарыда аталған үндеуге қол қойды деген кейбір қызметкерлерге осы хатқа түсініктеме беру өтінішімен жүгінді. Алайда олар зауытта жұмысын жалғастырғысы келетіндерін және қысымға ұшыраудан қорқатынын алға тартып, түсініктеме беруден бас тартты.
Біз бұл жағдайда жалғандық бар деп растай алмаймыз, бірақ жазылу сарыны мен нақты фактілер мұның кереғар екенін көрсетеді.
Арман АСҚАРОВ