Өткен аптада әлеуметтік желіде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дастанбек ҚОСПАНОВТЫҢ ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы бойынша пара алды деген күдікке ілінді.
Сонымен қатар, оның жұмыс орнында ұсталғаны, ал шенеунік «Олимпиада резервтерін даярлау орталығы» КММ бапкерлері МАЙЛАШЕВ пен ЖҰМАБАЕВТАН бюджет қаражаты есебінен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырғаны үшін 400 мың және 1 миллион 700 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінгені хабарланды.
Біз ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінен түсініктеме сұраған едік. Жұма күні баспасөз қызметі бұл ақпаратты растай да, жоққа да шығара да алмайтынын айтып, дүйсенбіге дейін күтуімізді өтінді. Ал бүгін мақұлдау үшін ақпараттың прокуратураға жолданғанын айтты.
Хабардар дереккөз Қоспановтың ұсталғанын «АЖ»-ға растады. Енді ресми ақпаратты күту қалып отыр.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА