Кеше, 29 мамыр күні «Мұнайшы» стадионында күй алыбы – Құрманғазының 190 жылдығына арналған республикалық күй фестивалі өтті.
Ұйымдастырушылар уәде еткендей, құрама оркестрге мыңнан аса (дәл саны – 1008) музыканттар мен 20 музыкалық ұжым қатысты. Араларында Астрахан облысының «Құрманғазы» өңірлік орталығының оркестрі, екі жетекші ұлттық ұжымдар – Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі (Алматы) мен Мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрі (Астана), Атырау қаласынан екі ұжым, Батыс Қазақстан, Ақтау, Ақтөбе облыстарының, Атырау облысының барлық аудандарының оркестрлері, саз мектептері мен колледжінің біріккен оркестрі өнер көрсетті.
Концерт өз дәрежесінде өтті. Әр күйден кейін өнерпаздар халықтың үлкен қошеметіне ие болып отырды. Іс-шара жарқын от шашулармен аяқталды. Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ фестиваль қатысушылары алдында құттықтау сөз сөйледі, ал қазақстандық Гиннес рекордтар кітабының өкілі оған сертификат сыйлады: бұдан бұрын осындай көп орындаушылары бар оркестр елімізде өнер көрсетпеген екен.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор