Атырау қалалық әкімдігінде жер мәселесі шешілмей, өзін-өзі өртеп жібермек болған азаматқа бұзақылық жасады деп айыппұл салынды.
Бұл оқиға туралы Атырау тұрғыны Нұрлан ОТАРБАЕВ «Ақ Жайық» редакциясына басынан кешкен жайтты бөлісуге келгеннен кейін ғана белгілі болды. Сол күні оның айтуынша, ол шынымен де әкімдікке «олар жасап жатқан бейберекетсіздікке бүкіл ел назар аударсын – Н.О.» деп, суицид жасауға келген.
Бірнеше жылдан бері мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып, заңды түрде өзіне тиесілі жер телімін алудан үміттеніп жүрген. Бәлкім, бір жағынан оныкі де дұрыс шығар, өйткені әкімдікке барған кез келген адам үстіне бензин құймайды ғой: әдетте мұндай, әсіресе, мемлекеттік мекемелерде болған оқиғалар республикалық жаңалықтар легінде жарияланады, бірақ бұл жерде, таң қаларлығы, оқиға баспасөз назарына ілінбеген.
Полицияның тәубесі
Бұл азаматтың проблемасын зерттеуді бастамас бұрын, психиатриялық және наркологиялық диспансерлерде есепте тұрған-тұрмағанын тексердік. Ондай есепте жоқ екен. Сондай-ақ, Нұрланның қарапайым азамат ретінде бүкіл күш құрылымдары ведомствосымен ашық текетіреске түскен бұрын-соңды болмаған жағдай сипатталған біздің бұрынғы жарияланымдарымыздың («Кінәсіз жазықты болды», «Кінәсіз жазықты болды-2») кейіпкері екені белгілі болды.
Қысқаша еске сала кетсек, 2016 жылы Нұрлан Атырау қалалық ІІБ жол полициясы қызметкерінің өзіне әкімшілік құқық бұзушылық жасады деп жалған хаттама жасап, айыппұл салғанын дәлелдегеннен кейін сот шешімімен Атырау облыстық ішкі істер департаменті Нұрланнан кешірім сұрады. Жалғандық әшкереленіп, инспектор жазаға тартылды. Бірақ жүйе қорғанып, бәрін теріс айналдырып, газетіміздің сауалына «...Н.Отарбаевтың полиция қызметкері А.Мұратовқа қатысты берген айғағын өзгерткені және талаптарының жоқтығы туралы қарсы арыз бергені үшін полиция қызметкерінен 700 000 теңге көлемінде ақша бопсалай бастағаны анықталды» деген «факт» ұсынды. Отарбаев тағы да сотқа жүгініп, полицияның жала жапқанын тағы да дәлелдеді. Сөйтіп сот облыстық ІІД-ін біздің газет арқылы одан кешірім сұрауға міндеттеді. ІІД кешірім сұрады: «Газет редакциясының сауалына жауап дұрыс берілмеген, өйткені сот процесі барысында Н.Отарбаевтың ІІБ жол полициясының қызметкері А.Мұратовтан ақша бопсалау фактісі расталмады».
Жалпы, бұл іс өткеннің еншісінде болғанымен, кейіпкеріміздің талапшыл болмысын ескерсек, оның өз өмірінен бас тартуға бел буғаны таң қалдырды.
Әкімдіктегі дүрлігіс
...Мен үстіме бензин құйып, сіріңке жағайын деп жатқанда, әкімдікте дүрбелең басталды: полицияны шақырып, шамдарын жыпылықтатып сегіз көлік пен бір топ полицей келді, әкімдік қызметкерлері орындарынан тұра жүгірді. Қала әкімі Шәкір КЕЙКИН де жүгіріп келді», – дейді Нұрлан. – Ол менің мәселем шешілетінін, өзімді өртеудің қажеті жоқ екенін айтты. Сабыр сақтап, үйге барып, жуынып, әлдебір мәжіліс біткен соң, сағат 16.00-де әкімдікке келуді ұсынды. Солай жасадым. Келген полиция қызметкерлерінің бәрі маған сақтықпен қарап, үнсіз ғана кетуіме жол берді. Алайда мені олар наркологиялық диспансерге немесе басқа жерге апарып, менің адекваттылығымды тексереді деп ойлаған едім.
Айтылған уақытта әкімдікке қайта оралып, қала әкімінің кабинетіне бардым, ол жерде екі тәртіп сақшысы отыр екен.
Ш.Кейкин қайтадан мәселенің шешілетінін, маған қала ішінен басқа бір жер телімін беретінін айтты. Мен қуанып, әкіммен қол алысып, жақсы жаңалықпен үйге қайтпақ болдым. Алайда, әкімдіктің есігінен шыққан кезде осы екі тәртіп сақшысы маған жақындап, түсініктеме жазу үшін өздерімен бірге қалалық полиция бөліміне баруды ұсынды. Онда олар маған хаттама беріп, қол қойғаннан кейін бірден кете беруіме болатынына сендірді. Қол қойған кезде олар ресми түрде менің ұсталғанымды мәлімдеп, уақытша ұстау изоляторына қамады. Келесі күні таңертең мені бұзақылық бабы бойынша соттап, 51 мың теңге айыппұл салды. Мені бәрінің – әкімдіктің де, қалалық полиция бөлімінің де алдағанын түсіндім. Изоляторда түнеп шыққан соң, ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») қолданылады деп бекер үміттеніппін. Осы адамдардың бәрі өзімді өлтіре жаздағаныма жауапқа тартылуы үшін менің өлуім керек шығар. Бірақ мен әлі тірі болғандықтан, жай ғана бұзақы болып шықтым.
Әкімдікте болған оқиғаға қатысты полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани СЕЙДУӘЛИЕВТІҢ «АЖ» сауалына берген жауабы мынадай:
«1 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 11:45-те азамат Н.Отарбаев Атырау қаласының әкімдігіне келіп, үстіне бензин құйып, өзін өртеп жіберемін деп қорқытқан. Ол шешілмеген жер мәселесіне қатысты өз наразылығын осылайша білдірген. Осы себептермен азамат ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі ("Ұсақ бұзақылық") бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әрі қарай жинақталған материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жіберілді. Жоғарыда аталған сот органының қаулысымен азамат Н.Отарбаевқа айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды».
Әр азаматтың құқығы...
– ...Мұның бәрі көптен бері «Өркен-2» ықшамауданынан жер телімін алмақ боп жүргенімнен басталды. Әкімдер ауысып, жыл мезгілі ауысып жатыр, ал мен әлі әр мекеменің табалдырығын тоздырып жүрмін. Мемлекеттік органдардың өздері жасаған бюрократиялық сәйкессіздіктердің кесірінен мені бір ведомстводан екіншісіне жолдайды, қай жерге барсам да небір түсініксіз сылтауларды естимін. Бұл жайт үш жылдан бері жалғасып келеді, – дейді Нұрлан.
Бізге көрсеткен түрлі мемлекеттік мекемелермен алысқан қалың хат-хабарлар папкасынан Н.Отарбаевтың бірнеше жыл бұрын үй салу үшін кезектілік тәртібімен өзіне жер телімін беруге өтініш бергені анықталды. Бұл жер телімі біраз уақыттан кейін – Атырау қаласы, Өркен-2 ықшам ауданы, №38 көше, №16-б учаскесі мекенжайы бойынша берілген.
Иелік ету актісін алар кезде жер телімінің бойымен «Атырау облысы Су арнасы» кәсіпорнына қарасты су құбыры өтетіні белгілі болды. Мекеме жерді беру туралы бірден теріс қорытынды шығарады. Бұл Нұрланның бүкіл жанұясы үшін ауыр соққы болды. Ал су құбыры желісі өтіп жатқан көрші жер телімдерінің иелері құрылыс салуға рұқсат алғаны одан да зор соққы болды.
«Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-бабының 7-тармағына сәйкес, құрылыс орналастыру үшін таңдалған аумақта бұзылуға немесе басқа жерге көшірілуге тиіс коммуникациялар орналасқан жағдайда... өтініш беруші «Атырау облысы Су арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен су құбыры желісін көшіру туралы келісімшартты ұсынуға міндетті және келісімшарт жасалғаннан кейін жер телімі беріледі», - деп жауап берді «АЖ» сауалына Атырау қаласы әкімінің орынбасары Серік НЫСАНБАЕВ.
Желіні көшіруге келісіп, өз жеріңді алу мәселенің шешімі секілді көрінген. Дегенмен, бұл оңай емес екен. «Атырау облысы Су Арнасы» КМК директоры Мейірім ҚАЛАУИ қол қойған жауапқа сүйенсек, Өркен-2 ықшамауданындағы №38 көшенің су құбыры мекеменің теңгерімінде емес екен. Ал кімнің теңгерімінде екені белгісіз, алайда бар мекеме екені анық.
- «...Жер телімінің аумағы арқылы өтетін қолданыстағы су құбырын көшіру үшін кәсіпорынның сізбен келісімшарт жасасуға мүмкіндігі жоқ», - деп оқыды Нұрлан М.Қалауидың жауап хаттарының бірін. – Бұл шешіммен келіспеген жағдайда, бапқа сәйкес сіздің... құқығыңыз бар»... Қайда барам? Сіздіңше не істеуім керек, бұл шеңбер – қала құрылысы бөлімі – әкімдік – «СуАрнасы» қайтадан тұйықталып қалды. Оның үстіне енді соттылығым бар. Мен алданып қалдым. Маған заңды түрде тиесілі жерді бермеді және уәде етілген басқа жерді де бермеді. Шарасызбын. Шынымды айтсам, мен пайдасыз сырғытпа жауаптар мен осы басшылар мен олардың орынбасарларының мәселеге бей-жай қарағанынан шаршадым. Менен әбден жалыққан болуы керек, қала құрылысы бөлімінің қызметкерлерінің бірі жақында «сіздің жер теліміңіз галактиканың шетінде орналасқан шығар, дәл қазір-ақ іздеп шығуыңызға болады» деген еді миығынан күліп.
...Осы мақаланың резонансы мәселемді шешеді деп үміттенемін», – деді Нұрлан редакциядан шығып бара жатып.
Ол үстіне бензин құймаймын деп сендірді. Әзірге.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суретті түсірген автор