- Менің жасым 23-те. Былтыр сәуір айында кесаревомен босандым. Бірақ, сәбиім дүниеден өтіп кетті. Биыл тағы да жүкті болдым. Бір ай жүктілік мерзіміндемін. Күйеуім бала сүйігісі келеді. Білейін дегенім, менің немесе баламның өміріне босану процесін бір жыл өткен соң қайталау қатерлі болмай ма? Білікті мамандар бұған не дейді екен?
Облысымыздың бас акушер-гинекологы Гүлмира ҚАЙЫРАЛИЕВАНЫҢ айтуынша,бұл жағдайда сауал иесінің анализ қорытындысы мен денсаулық жағдайын білмей тұрып, бірдеңе деп айту қиын. «Әрі, бірінші босанғанда неліктен кесарево жасалғанын да анықтау керек. Бәлкім, ішіндегі баласы шала туған ба, кім білсін. Десек те, қазір сауал иесі жүкті болса, өзі қаралып жүрген гинекологтың мұқият бақылауында болуға тиісті. Қазір оның бұрынғы тігілген жерін қайта-қайта тексеріп, УЗИ арқылы қадағалап тұру қажет. Әдетте гинеколог дәрігерлер кесарево жасалған анаға екі-үш жылдан соң, бала көтеруге болады деп кеңес беріп жатады. Бірақ, сауал иесіне біз жүктілік мерзімін тоқтату-тоқтатпау туралы ештеңе айта алмаймыз. Себебі, оның қазіргі денсаулығы мен жатырдағы сәбиінің қалай дамып жатқанынан хабарсызбыз. Сауал иесі мекен-жайы мен телефонын айтса, мен оны тексеріп отырған гинекологпен сөйлесер едім», - дейді Гүлмира Дайырбекқызы.