Атырау, 23 желтоқсан 18:58
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Өнері де, өмірі де өнеге

8 863 просмотра

Наурыздың 25-сі күні шебер күйші, дәулескер домбырашы Қаршыға Ахмедияров тірі болса 65 жасқа толар еді. Дәл осы күні өткен аптада Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында былтыр ғана, маусымның 6-сы күні өмірден озған өнер иесінің туғанына 65 жыл толуына арналған «Өнері де, өмірі де өнеге» атты концерт өткізілген болатын.

Енді ортамызда жоқ болса да, жүректерден орын алған және мәңгі жасай беретін марқұм күйшіні еске алу кеші елімізде бірінші ұйымдастырылып отыр.

Кешке Алмытадан Қаршыға Ахмедияровтың жан жары Нұрбике Ахмедиярова мен кенже ұлы Ерболат Ахмедияров келді. Атырау облыстық мәслихатының Қаршыға Ахмедияровқа «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Кешке арнайы келген елімізге белгілі тұлға Төкен ТАНАЙҰЛЫ шағын ғана домбыраны сахнаға алып шығып, оны көзі тірісінде Қаршығаның бергенін әңгімелеп, Қаршығадай інісін қатты жақсы көргенін айтты. Сонымен бірге, інісі өзіне «Тілек толқыны» күйін тарту еткенін айтып марқайды. Бұдан соң, қала әкімінің орынбасары Айжан ҚАРАБАЕВА күй қағанының өнер баспалдағы мен өмір жолын баяндады.

Қаршыға ағаның жары Нұрбике АХМЕДИЯРОВАболса, өз кезегінде:  

- «Қаршығаның көзі тірі болса, біздің үйде ұланасыр той болушы еді. Ол өнерге 45 жылын арнады. 100-ден аса шығарма шығарды. Өзге күйшілердің шығармаларын орындағаны қаншама. Қаршыға туралы өткен шақта сөйлеу, естелік айту қиын. Ол өзі туып өскен жалғыз Таңдай ауылының емес, Махамбет ауданының немесе Атырау облысының емес, бүкіл Қазақстанның Қаршығасы еді. Оған халқы дәулескер күйші, дарабоз тұлға деп мойындап, барлық атақ-даңқты тірі жүргенінде беріп қойған... Күйіміз көмескі тартпасын...», - деп, еске алды.

Нұрбике апай алдағы уақытта Қаршыға аға туралы естелік кітап шығаруды көздеп отыр. Соған байланысты, қазір күйшіге қатысты бүкіл проблемалық материалдар мен түрлі тақырыптағы мақалаларды, естеліктерді жинастыруды бастаған. Одан бөлек, таяу күндері күйшінің барлық шығармалары мен орындаған күйлері антология ретінде дискіге жазылып, жарыққа шыққалы жатыр. Оны Қаршыға ағаның Америкада тұрып жатқан Раушан есімді қызы 15 диск етіп шығаруға кіріскелі отыр.

Еске алу кешінде Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі сазды әуенді сөйлеткен сиқырлы таяқша иелері Талғат Қамалиденов, Рахиля Құлсариева және Қаршыға ағаның ұлы Ерболат Ахмедияровтың дирижерлығымен күйшінің 11 күйі мен 5 әні орындалды. Олар - «Той», «Алтын ұя», «Арпалыс», «Күй ұран», «Атырау», «Аңсау», «Мұнайшы ақжелең», «Қазанғап ақжелең», «Нұрғиса», «Қуаныш» секілді күйлер мен «Ауылым», «Көктем сазы», «Мама», «Жұлдызым», «Жер ана» әндері. Соның ішінде Ерболат Ахмедияров әкесінің «Күй ұран» күйі мен «Көктем сазы» әнін сүйемелдеген оркестрге дирижерлық етті. Ерболат қазір Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында қызмет етеді. Ол ҚР-ның мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің дирижері.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

30 наурыз 2011, 17:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.