Атырау, 11 мамыр 22:07
 бұлттыВ Атырау +15
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

7 наурызда «Сүйемін сені, Алматы!» фильмі көрсетілімге шығады

Бейнежазба
677 просмотра

1 ақпан 2024 ж. «Сүйемін сені, Алматы!» (түпнұсқасы – «Алматы, Я люблю тебя!») фильмі 2024 жылдың 7-наурызында ауқымды кино көрсетілімге шығады. 

Фильм қазақстандық кинода сирек кездесетін киноальманах форматында түсірілген. Ол комедия, драма және мелодрама жанрындағы 6 хикая новелладан тұрады.

Алматыдай үлкен мегаполисте күн сайын миллиондаған тағдыр тоғысып, мыңдаған оқиға орын алады. Новеллалардың кейіпкерлері – қарапайым қала тұрғындары, олардың әрқайсысының өз проблемалары, жетістіктері мен армандары бар. Жас музыканттар, бір-біріне ғашық жұп, жалғыз басты такси жүргізушісі, жас ана мен оның ұлы, кәсіпкер әйел және басқалар. Олардың барлығын бір-ақ нәрсе біріктіреді — Алматы. Түрлі оқиғаны бастан өткерген кейіпкерлердің жүрегінде Алматы мәңгіге орын алады.

Фильмнің өзгешелігі – актерлік құрамның алуандығында. Альмира Тұрсын, Еркін Губашев, Айжұлдыз Адайбекова, Төлепберген Байсақалов, Азиз Бейшенәлиев, Айдана Сахари, Әбілмансұр Серіков, Асан Мәжит, Байкенже Белбаев, Қуаныш Жолжақсынов, Сәуле Жақсылыққызы, Шұғыла Ешенова, Гүлнар Байбосынова, Мира Добрынина, Құмар Лұқманов, Ержан Жаманқұлов сияқты тағы басқа танымал әртістер өнер көрсетеді. Актерлардың дені алматылықтар. Айтуларынша, сүйікті қалалары туралы жобаға қатысу туралы ұсынысты бірден қуана қабылдаған.

Киноальманах форматы арқылы көрермен бір фильмнен бірден 6 түрлі атмосфераны сезіп, әртүрлі оқиғаның куәгері бола алады. Яғни, туынды күлдіре отырып жылатады, кей жерде драмаға бойлатады, алайда фильм мейірімділік пен үлгі боларлық жайттарға толы.

«Сүйемін сені, Алматы!» отбасылық фильм. Сондықтан туындыға балалармен де (12+), ата-әжелермен де баруға болады. Өйткені онда бейәдеп қойылымдар мен дөрекі сөздер жоқ. Бұл өмірдегі ең маңызды – отбасы, махаббат және шынайы достық туралы мейірімділікке толы картина. 

Фильмді түсіру кезінде кәсіби команда жұмыс істеді: 5 сценарист, 3 режиссер және 300-ден аса адам түсірілім процесіне ат салысты. Үш режиссердің бір картина аясында топтасуы қазақстандық кинематография саласында болмаған құбылыс. Ален Ниязбеков («Каникулы в Тайланде», «Бизнес по-казахски в Корее», «Моя большая казахская семья» режиссері), Алдияр Байракимов («Паралимпиец») және Айгүл Ақсамбиева («Кусаиновы» және «Вузеры» сериалдары) бірлесіп жұмыс істеді.

«Фильм барынша шынайы шықты. Бұл Алматыға деген сезімді білдіру, үш режиссердің авторлық көзқарасы. Жоба түрлі жанрлы: мұнда музыкалық оқиға, драма да, романтикалық комедия да, тіпті, кейіпкерді уақыт аралығына ауыстыратын фантастика да бар. Әр көрермен жанына жақын дүние табары сөзсіз. Өйткені ауқымды аудиторияға арналған. Менің ойымша, бұл отбасыңызбен фильмге барып, қай оқиғаның қатты ұнағаны туралы талқылауға себеп болатын керемет мүмкіндік», – дейді туындының сценарист және продюсері Темірбек Аманжол. 

Фильмнің композиторы Дана Зулпыхар, актриса және әнші Айжұлдыз Адайбекова, белгілі әнші jeltoksan және музыкалық лейбл Ozen секілді жас толқын әрлеген музыкамен сүйемелдеуін ерекше атап өтуге болады. 

Фильмде 2022 жылы болған қаңтар оқиғасы да көрініс табады. «Көбіміз қала мен елдің өмірінде орын алған драмалық оқиғаны қалыс қалдырып кете алмадық. Алайда бұл документалды әңгімелеу емес, көркемдік түсінік. Оқиғадан кейін екі жыл өтсе де, сезімтал тақырып алғаш рет көпке ерекше сюжетпен жеткізілейін деп тұр», – дейді фильм продюсері Думан Қожахмет. 

Туындының көрсетілімге 8-ші наурыз қарсаңында шығуының өзінде бір гәп бар. Осылайша, барша қазақстандық отбасылық фильмге баруға мүмкіндік алады. 

«Сүйемін сені, Алматы!» киноальманахы «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдауымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Black and White Production компаниясы түсірді.


Анықтама үшін:

«Сүйемін сені, Алматы!» киножобасы 2022 жылы «ҰКҚМО» КЕАҚ тарапынан мемлекеттік қаржыландыру бойынша байқауға қатысып, 62 жеңімпаздың тізіміне енді. Фильм «кең аудиторияға арналған фильмдер» питчинг санатында ұсынылған жалғыз туынды болды. Жобаға 70% «ҰКҚМО» КЕАҚ қаражаты, 30% Black And White Production компаниясының қаражаты жұмсалды.

«Black and White Production» ЖШС – 2013 жылы Астанада құрылған қазақстандық бейне өндіру саласында жұмыс істейтін компания. 10 жыл ішінде 1000-нан астам жобаны жүзеге асырды. Киножобалар қатарында режиссер Шәріп Оразбаевамен түсірілген «Тұл» және «Қызыл Анар» фильмдері бар. Соңғысы 2022 жылы Алматыдағы 16-шы «Еуразия» халықаралық кинофестивалінде Ұлттық конкурстық бағдарламаның үздік фильмі деп танылып, бірқатар басқа да беделді марапаттарға ие болды.

«Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы» КЕАҚ – ұлттық фильмдерді шығару мен ілгерілетуді қолдауға, кинопрокатты дамытуға және Қазақстан Республикасында кинотеатрлар санын ұлғайтуға мемлекеттік қаржыландыруды ұсыну жөніндегі бірыңғай оператор.


3 ақпан, 16:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.