Атырау, 23 желтоқсан 19:06
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атыраулық актерлар алғыс хат алды

6 151 просмотра

Наурыздың 27-сі күні облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрының жас әртістері халықаралық театр күніне арналған мерекелік кеш өткізді. Олар театрдың ардагер әртістеріне ерекше құрмет көрсетуге тырысты. Әрқайсысын бөлек атап, сахнаға шақырды, көрермен залына жайғастырды.

Актерлар биылғы мерекеге өзгеше дайындалған. Жаңа заманға лайықты күлкіге толы көңілді көріністерге көрермен де қарқ болды. Театр репертуарындағы «Шатақхана» спектаклінен үзінді көрсетіп, би билеп, ән салған әртістер түрлі кинотуынды кейіпкерлерінің сахналық образын да сомдады. Әйгілі Чарли Чаплин мен Мерилин Монроны салып, «Сұлу болып тума» («Не родись красивой») телесериалындағы бас кейіпкер Катяны да келтірген. Әсіресе, актер Архат Мухамажитов пен Бекет Зинуллиннің «Аққу» биін ортаға шығарып, комедияға қорықпай барғандары қайран қалдырады.

Әртістерді мерекесімен құттықтауға келген бір топ халық оларға деген шын ықыластарын білдіріп жатты. Ал облыстық мәслихаттың атынан сөз сөйлеген Алпамыс ҒЫЛЫМОВ актриса Хадиша Қуанышева, Әлия Жақсыбаева, Әдемі Ділханова, Нұргүл Бітегеноваларды марапаттаса, облыстық әкімдік атынан актер Төлеген Жангелдиев пен актриса Анета Баетоваға марапаттау қағазын тапсырды. Қала әкімінің орынбасары Айжан ҚАРАБАЕВА қалалық мәслихаттың шешімімен театр әртістері Маратбек Мырзаханов, Мағрипа Шаненова, Роза Шегебаева, Айнагүл Мұхтарова, Сәуле Бәйменова, Мәрия Өтешоваларға алғыс хат табыс етті.

Алғыс алған актерларды  ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы-драматург Рахымжан ОТАРБАЕВ  құттықтады.

Облыстық мәдениет басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серік МҰҚАМБЕТОВжас режиссер Жанат Телтаевты, актриса Ғазиза Әліпова, Шынар Рамазанова, Нұргүл Шмановаларды, актер Оралбай Ғалымжанов, Асылбек Бәдел, Ержан Жұматов, Нұрбек Сиезхан, Мырзабек Махмутов, Оңғар Сегізбаевты құттықтап, алғыс хат табыс етті.

Ал дәстүрлі сыйлықтар, оның ішінде Қуат Төлеков атындағы арнайы сыйлық Төлеген Жангелдиевке, Алма Ахметова атындағы арнайы сыйлық Әлия Жақсыбаеваға берілді.

Бұл жылы арамызда жоқ болса да, артында өшпес із қалдырған қарымды актер Төлеген Қуанышев атындағы арнайы сыйлық алғаш рет тағайындалып отыр. Ол сыйлық Төлеген ағаның басты рөлдерінің бірі - «Жаралы жолбарыс» спектакліндегі бас кейіпкер Баймағамбет сұлтанды ойнаған Сәбит Қожабековке тарту етілді.

Бұдан соң, театр басшысы Берік Жәменов «Қарагөз», «Супер келін» спектакльдерінде рөлдерді әдемі сомдаған актерлар мен актрисаларға өз атынан жүлде тағайындағанын айтып, алғысынан жаудырды.     

Ал «Жыл актері» атағы талантты жас актер Бекет Зинуллинге және «Жыл актрисасы» атағы дарынды актриса Гаухһар Қабиеваға берілді.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

30 наурыз 2011, 17:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.