29 мамырда «Мұнайшы» стадионында аты аңызға айналған күйші Құрманғазы Сағырбевтың шығармаларын орындайтын еліміздің үздік музыканттарының құрама оркестрі өнер көрсетеді.
Облыста Құрманғазының 190 жылдығына арналған шаралардың басталғанына көп болды, ал мыңға жуық музыканттар ойнайтын құрама оркестрдің концерті мерейтойдың шарықтау шегі болмақ. Д. Нұрпейісова атындағы академиялық оркестрдің жетекшісі Қамбар ДҮЙСЕМБАЙДЫҢ айтуынша, концертке Айтқали Жайымовтың жетекшілік етуімен Астананың Мемлекеттік филармониясының халық аспаптар оркестрі, Құрманғазы атындағы «Халықтар Достығы» орденді Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі, Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі (Қарағанды), Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрі (Орал), Абыл Тарақұлы атындағы халық аспаптар оркестрі (Ақтау), Ахмет Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрі (Ақтөбе) қатысады. Жергілікті музыканттар – Дина Нұрпейісова атындағы академиялық оркестр, «Нарын» фольклорлық оркестрі, Атырау қаласының Халықтық музыка академиясы мен барлық аудандардың оркестрлері де шет қалмады. Келесі аптада ерекше оркестрдің дайындықтары басталады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА