17 мамыр күні Атырауда бірден екі үлкен шығарма-шылық көрме өткен болатын. Алдымен Ш.Сариев атындағы облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде туған жердің төл перзенті, дүлдүл күйші Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 190 жыл толуына орай «Күй атасы – Құрманғазы» атты облыстық қолөнер шеберлерінің байқауы ұйымдастырылса, «Ақ Желкен» шығармашылық орталығының арт-галереясында «Асфальттағы адыраспан» атты суретшілердің республикалық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
САНДУҒАШТЫҢ ТҮС КІЛЕМІ
Р Суретшілер Одағы мүшесі Телеубай Бақтыгерей төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында Әділқайыр Жантасов, Исім Арыстанов, Клара Тоқсанқызы байқауға келіп түскен суреттерді саралап, жұмыстардың мазмұны, техникалық орындалуы, қайталанбас ерекшелігі турасынан өз бағаларын беріп, жеңімпаздарды анықтады. І орынды «Түс кілем» жұмысымен қызылқоғалық Сандуғаш Мергенғалиева жеңіп алса, ІІ орынды Атырау қаласынан Нұрсұлтан Қалиев «Шешен ағашымен» еншіледі. Ал ІІІ орын қалалық Қайрат Шапабаев («Аңыздағы қобыз») пен махамбеттік Нұрлыбек Бисенбаевқа («Ойма домбыра») бұйырды. Барлық жеңімпаздар дипломмен, ақшалай сыйлықтармен, қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Байқауға 23 қолөнершінің 56 жұмысы қойылған болатын. Ресми марапаттау сәті аяқталған соң көрмені тамашалаушылар жоғарыға көтеріліп, осы жұмыстармен танысуға мүмкіндік алды. Экспозиция залына қойылған жұмыстар көздің жауын алады. Бұлардың арасында Құрманғазы бабаның мүсіні, қолөнершілердің қолынан шыққан неше түрлі домбыра, қобыз, сандықша, қобдиша, кілемше, суреттер бар. Әрі осы байқау Құрманғазыдай бабаны дүниеге әкелген киелі топырақтың әлі де талай дарындыларды тудыратынына кәміл сендіргендей. Қалың көпшілік арасынан І орынға ие болған Сандуғаш Мергенғалиеваны әңгімеге тартып, жұмысы, оның идеясы туралы ой бөлісуін сұрадым.
- Мен бұл көрмеге өзімнің 3 жұмысымды әкеліп отырмын. «Түс кілем» деп атаған кілемшемді мен біз ине арқылы түрлі-түсті жіптермен тоқыдым. Қазақтың ұлттық өнерін дамыту, жастарға үйрету мақсатында орындалған. Өзім Миялы селосындағы мектепте технология пәнінің мұғалімі болып еңбек етемін және өз сабақтарымда оқушыларды қолөнерге баулуға үлкен мән беремін, - дейді Сандуғаш.
БОЯУ СІҢГЕН ҚАЛА
Бұдан кейін «АқЖелкен» шығармашылық орталығында ұйымдастырылған «Асфальттағы адыраспан» атты көрмедегі қаз-қатар тізілген суреттерден де көз тұнады. Көрмеге атыраулық суретшілерден бөлек Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау, Астана, Батыс Қазақстан облысы суретшілерінің жұмыстары қойылған. Тақырып – қала өмірі, қала көрінісі. Суреттерде қалалардың көрнекі жерлерімен қатар кей қалтарыс бұрыштары да, кең даладағы киіз үйлер де, жылқысын ауыздығынан ұстап тұрған бүлдіршін де көрініс тапқан. Жалпы көрменің ерекше атауы туралы орталықтың директоры Нұрберген Дәулетов былай дейді:
- Адыраспан – қазақ ұғымында адамды пәле-жаладан сақтайтын, емдік қасиеті бар киелі шөп. Бұл жерде асфальттағы адыраспан салт-дәстүр арқылы жаулап бара жатқан жаһандануға төтеп береді деген мақсатты меңзейді.
Көрменің ашылу салтанаты оралдық суретші, ҚР Көркемсурет академиясының корреспондент мүшесі, халықаралық көрмелер, симпозиумдарға қатысушы Қайыр ОРАЗҒАЛИЕВТЫҢ шеберлік класымен жалғасты. Алдымен өзінің дайындап әкелген екі суретін көпшілікке ұсынды: күн мен түн, жақсы мен жаман, ақ пен қара секілді қарама-қайшы ұғымды білдіретін тақырыпта салынған ескі үйлердің бейнесі жаз және қыс мезгілінде көрсетілген. Кейін суретші өз өнерін қағаз бетіне түсірді. Алуан түстерді араластыра отырып, көрерменді жаңа туындының қалай салынатынымен таныстырды.
Аталмыш көрме 3 маусымға дейін жалғасын табады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген автор