Алдағы жылдары Атырау облысында 28 мектеп салу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ мәлім етті. Бұл мақсаттарды қаржыландырудың жалпы көлемі 92 млрд теңгені құрайды.
2023 жылы екі Бином мектебінің пайдалануға берілгені белгілі. «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында тағы тоғыз мектеп салу жоспарлануда, оның алтауы Атырау қаласында, екеуі Құрманғазы ауданында және біреуі Жылыой ауданында болады. Водников ауылынан 1200 орындық мектеп салуға жер телімі бөлінгенімен, ол жерде коммуникация желілері ескі болғандықтан, құжаттарды рәсімдеу кешіктірілген. 2024 жылдың қаңтарында мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды шығады деп күтілуде, одан кейін нысанды бюджеттік қаржыландыруға өтінім беріледі.
Құрылыс басқармасының тапсырысымен үш аудан мен Атырау қаласында тағы алты білім беру нысанының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, жақын арада Ақжар-2 ауылындағы мектеп іске қосылады.
2021 жылы Дамбы ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысы сот ісіне байланысты тоқтатылды. Сот шешімі шыққаннан кейін жұмыс жалғасады. Қазіргі уақытта мемлекет қажеттілігіне байланысты алынған қосымша жеті жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ