Атырау, 26 қараша 03:01
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Армысың, Ұлу жылы!

1 028 просмотра

«Уақыт уыста тұрмайды» демекші, Қоян жылы артта қалып, келіп жатқан жыл шығыс күнтізбесі бойынша Айдаһар жылы болып саналса, қазақ күнтізбесінде Ұлу жылы деп аталады. Жыл ішінде не атқарылды, несімен есте қалды, келген 2024 жылдан не өзгеріс күтеміз? Осындай сауалдарды қоғам белсенділеріне, депутаттарға, мәдениет қайраткерлеріне және кәсіпкерлерге қойған едік. 

Ғазиз ҒАБДУЛЛИН,"AQIQAT"қоғамдық бірлестігі төрағасы:

- Жалпы бұл жылы атқарылған істер мол болды. Бастысы, аудан әкімдерін халықтың өз еркімен сайлап қоюы жүзеге аса бастады. Мақат ауданындағы жұмыссыздық мәселесін шешу үшін мұнай компаниялары өкілдерімен кездесу жасалып, Ескене, Қарабатанға жергілікті халықты көптеп тарту жүзеге асты. Сонымен бірге НКОК компаниясы Мақат ауданының әлеуметтік нысандар салуға жылына 5 млн доллар бөлетін болды. Ал Доссор кентіндегі тозығы жеткен, салынғанына 100 жылдан асқан апатты үйлердің орнына баспана салу мәселесін "ЕмбіМұнайГаз" АҚ жүзеге асыратын болды. Алдағы уақытта ауданға 522 үй салынуына демеушілік көрсетпекші. Ал Ұлу жылында да көп өзгерістер орын алады деп ойлаймын. Мұнай компанияларының демеушілігімен орта және шағын бизнесті дамыту, оған кәсіпкерлерді тарту мәселесі тұр.

Есенбай НҰРОВ, Қызылқоға ауданы мәслихатының депутаты:

- Өткен жылы қоғамдық жұмысқа белсене араластым. Оны елге тигізген азаматтық борышым деп есептеймін. Несін жасырамыз, Ойыл өзеніне 30 жылдан бері болмаған су келіп, су тасқыны елдің үрейін ұшырып, асып-сасып қалғанымыз рас. Миялы ауылын тасқыннан аман сақтап қалу үшін кіреберіс көпірді бұзбай болмайтын ұсынысымның арқасында ешкім зардап шеккен жоқ. Күні-түні әкімшілік мамандарымен бірге жүріп, су тасқынынан қорғанудың шараларын ұйымдастырып, оперативті жұмыстар жүргізілді. 8 ауылдық округтің халқы жерасты Тайсойған суын пайдаланып отыр. Жерасты байлығына ие Тайсойған өңірінен «ҚазМұнайГаз» АҚ мұнай өндіру үшін іздеу, геологиялық барлау жұмысын жүргізбек болғанда қарсылық танытып, болдырмай тастадық.

...Әбден қыс түскенде бір үй тұтасымен өртеніп кетіп, ел жұрттың арқасында баспанасыз қалмауына ықпал еттік. Әрине, бұл жұмыстардың нәтижесінде «Жылдың үздік депутаты-2023» номинациясына ие болдым. Ұлу жылы да жақсы болады деп ойлаймын. Келген жылдан үмітім Тайсойған құмы мен қырлығын «Ерекше қорғалатын аймақ» деп тану және жергілікті гидрогеологиялық, биологиялық қаумалдар құру үшін облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВКЕ берген ұсынысым орындалады деген ойдамын. Өйткені аудандық Мәслихат сессиясының күн тәртібінде менің осы ұсынысым депутаттар тарапынан қолдау тапқан болатын. Аудан төңірегінде жүріп жатқан құрылыстардың сапалылығы назардан тыс қалмайтынын атап өткім келеді.

Роза ДӘУЛЕТОВА, «Өрлеу» БАҰО-ның Атырау облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры:

- Өткен жыл несімен есте қалды, бастысы елімізде бейбітшілік тұрақтылығы сақталды. Бұл мемлекет пен отбасымыздағы тыныштықтың сақталуына, бірлік пен ынтымақтастықтың орнығуына себеп болды. Өзім білім беру саласында еңбек еткендіктен мынадай жаңалықтар болды: тәрбие беру тұжырымдамасының берік орнығуы және мұғалімдер үшін аттестациядан өткізу кезінде Ережелерге өзгерістер еніп, толықтырулар жасалды. Яғни, мұғалімдерге тест тапсыру кезінде жеңілдіктер қарастырылуы және портфолия жинаудағы ұлттық платформаның әзірленуі еді. Ал өз отбасым үшін басты жаңалық - немерем дүние есігін ашып, қуанышқа бөледі. Ұлу жылынан көптеген өзгерістер болады деген сенімдемін. Жалпы ұлу суда жүретіндіктен жауын-шашын мол болып, астығымыз бітік шығып, шабындығымыз көбейіп, даламыз малға толады деген ойдамын. 2024 жылы бейбіт өмірді сүйетін, тыныштықты жаны қалайтындықтан ақылды, зерек сәбилер дүниеге көптеп келеді деген үміттемін.

Мансур ҚУАНЫШАЛИЕВ, Құрманғазы ауданының тұрғыны, зейнеткер:

- Мақтанғаным емес, ел ісіне араласып, Азғыр полигоны жөнінде кейбір ұысынастарымның мемлекет деңгейінде көтерілуіне атсалыстым. Бірнеше жыл аудандық мәслихаттың депутаты болдым, негізі мамандығым ұстаздық. Екі жыл үзілістен кейін, жасымның ұлғайғанына қарамастан өткен жылы қайтадан Азғыр өңірінен аудан депутаты болып сайландым. Қоян жылында ұзақ жылғы еңбегімді ескеріп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталдым. Бұл мен үшін үлкен міндеттер жүктелгенін білдіреді.

...Өзім тұратын Балқұдық ауылы халқының көшуі тоқтаған жоқ, «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, әлі де бұл өңірде проблемалар жетерлік екенін білдіреді. Осы келетін Ұлу жылында атқарылар ауқымды істер күтіп тұр. Барлық тілегімді орындағым келеді және ұлу жылы бәрі ойдағыдай болатынына сенемін.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ, Индер ауданы ардагерлер алқасының төрағасы:

- Қоян жылы индерліктер үшін жаман болмады, бірнеше жаңа нысан іске қосылды. Соның ішінде Индербор кентінде 192  отбасы жаңа үйдің кілтін алып, Ұлу жылын өз баспаналарында қарсы алды. Өзімнің жеке басымдағы жаңалық, кеңірек үй салып, отбасыммен сонда қоныстануым. Және де Пермде Отан алдындағы борышымды екі жыл өтеп келген едім. Жан жақта жүрген сол қаруластарыммен 46 жылдан кейін кездесуім ерекше болды. Мектеп бітіргеннен кейін косомолдық жолдамамен мал шарушылығының өркендеуіне үлес қосқан едік. Оған да жарты ғасыр болыпты. Соны атап өту ойымызда бар. Жалпы Ұлу жылында барша халқыма отбасы бақытын, ел тыныштығын тілеймін. Сәбилер күлкісі көбейіп, дамыған ел қатарынан табылайық.

Айбек НҰРҒАЛИЕВ, "Нұрболат" ШҚ төрағасы:

- Соңғы жылдар менің өміріме көп өзгеріс әкелді. Негізі Ақтөбе қаласындағы С. Бәйішев атындағы университеттің экономика, есеп факультетін бітіріп, бірнеше жыл мемлекеттік қызметте болдым. Қазір жасым 32-де. Отбасым бар. 2019 жылы мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына түрлі қаржылай көмек беріп жатқанын ескеріп, шаруа қожалығын құрғым келді. Біз тұратын Қызылқоға ауданы Жангелдин округіне қарасты, яғни 20 шақырым жерден "Жамансай" учаскесінен жер алып, мал шаруашылығын өркендетуге құлшына кірістім. Алдымен "Агробизнестен" 10 млн теңге алып, "абердин ангус" асыл тұқымды қара түстес сиырларын сатып алдым. Үкіметтің қолдауымен берілген субсидиямен ол бережақтарды жауып отыруға болады. Жуырда "Ауыл аманаты" бағдарламасымен 2,5 пайыздық үстемемен қаржы беріле бастады. Оған да тапсырыс бергенмін, оным да іске асатын түрі бар. Биыл 8,5 млн теңге берілсе, келесі жылы бұл қаржыны көбейту жоспарда бар екен. Бүгінде қорамда ірі қара, қой малдары өсуде. "Агрофинанстан" ауыл шаруашылығына керекті трактор мен түрлі агрегаттар сатып алдым.

Облыс тарапынан ірі сабақты мал азығын дайындағаным үшін субсидияға ие болдық. Негізі шаруашылыққа әкем, ағам да тікелей атсалысуда. Мен Ұлу жылынан көп үміт, жаңалық күтемін. Өйткені бүгінде жастар әр кәсіппен айналыса бастады. Үкімет тарапынын берілетін қаржылай көмектің арқасында шаруашылықты дамытуға көп мүмкіндік берілуде. Соны оқсата білсең болғаны.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

1 қаңтар, 18:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.