Атырау, 9 қараша 11:29
 дождьВ Атырау +2.9
$ 447.14
€ 499.54
₽ 5.46

Садыр Жапаров алаяқтық ісін жеке бақылауға алды

31 рет қаралды
видеодан скриншот
видеодан скриншот

Қазақстандық кәсіпкер Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа алаяқтық әрекетке қатысты шағымын жеке өзі жеткізді. Кәсіпкер өзін мемлекет басшысының туысы ретінде таныстырған адамның кесірінен 200 мың доллардан астам қаражатынан айырылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Syrym Itkulov Telegram-арнасы хабарлады.

Оқиға Садыр Жапаровтың қоғам өкілдерімен кездесуі кезінде болған. Микрофон алған қазақстандық кәсіпкер Қырғызстаннан карьер сатып алғанын айтқан. Алайда кейін сатушылар алаяқтық жолмен нысанды қайтадан өз иеліктеріне қайтарып алған.

Кәсіпкердің айтуынша, алаяқтардың бірі өзін Азамат Жапаров деп таныстырып, президенттің туған жиені екенін айтқан. Қырғызстан басшысы одан бұл адамның шын мәнінде кім болып шыққанын сұрағанда, қазақстандық кәсіпкер ақпаратты тексеріп, әлгі адамның президентпен тек тегі бірдей екенін анықтағанын жеткізді.

Садыр Жапаров бұл өтінішке бірден жауап берді. Ол жиын барысында Ішкі істер министрлігі өкілдеріне істі жеке бақылауға алуды қатаң тапсырды.

«Кездесуден кейін оны бірден қабылдаңыздар, барлық мән-жайды анықтаңыздар, аты аталған адамдарды ұстаңыздар және 200 мың долларын қайтаруға көмектесіңіздер», — деп тапсырды Қырғызстан президенті.

Құқық қорғау органдары қазақстандық кәсіпкердің ақшасын жедел түрде қайтара алды ма, әзірге белгісіз.


Бүгін, 11:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.