
Ақтөбе облысында 2011 жылдан бері тоқтап тұрған жолаушылар әуе қатынасын қайта жандандыру жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде Шалқар қаласының маңындағы аэродром қайта жаңғыртылады. Жұмыстар аяқталғаннан кейін мұнда 19 адамға дейін тасымалдай алатын шағын жолаушылар ұшақтары қабылданады. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.
Конкурс қорытындысы бойынша аэродромды қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізетін мердігер ретінде «SK Best Spec Stroy KZ» ЖШС таңдалды. Алдын ала жоспарға сәйкес, жобалау жұмыстарына бес ай, ал құрылыс-монтаж жұмыстарына тағы алты ай қажет болады. Бұл мерзімдерге мемлекеттік сараптамадан өту уақыты кірмейді.
Аэродром Шалқар қаласынан шамамен жеті шақырым жерде орналасқан. Қайта жаңғырту аясында ұзындығы 1 200 метр болатын қолданыстағы асфальтбетонды ұшу-қону жолағын нығайту, перрон мен рулеж жолын жаңарту, қоршау орнату және қажетті жабдықтары бар модульдік жолаушылар павильонын салу жоспарланған.
Қандай ұшақтар қатынайды?
Қайта жаңғыртудан кейін аэродром 19 жолаушыға дейін тасымалдай алатын L-410 ұшақтарын қабылдауға бейімделеді. Әуе рейстері тек күндізгі уақытта орындалады деп жоспарланып отыр. Әуе тасымалын «Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай» АҚ базасында ұйымдастыру көзделген. Ал ұшақтарды «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржылық лизингке алу жоспарланып отыр.
Алайда құрылыс жұмыстарының аяқталуы рейстерді іске қосу үшін жеткіліксіз. Аэродром міндетті сертификаттаудан өтуі керек. Сонымен қатар әуе тасымалын ұйымдастырушылар ұшақтар сатып алып, қажетті рұқсат құжаттарын алуы тиіс.
Рейстер қашан басталады?
Облыс әкімдігі әзірге жолаушылар әуе қатынасының нақты қашан қайта жанданатынын хабарлаған жоқ.
Алдын ала есеп бойынша, мемлекеттік сараптаманы есептемегенде, жобалау және құрылыс жұмыстарына шамамен 11 ай қажет. Одан кейін аэродромды пайдалануға беру үшін қосымша рәсімдер жүргізіледі.
Сондай-ақ ұшақтардың нақты қай бағыттар бойынша қатынайтыны, билеттердің құны және рейстердің жиілігі әзірге белгісіз.
Еске салайық, Ақтөбе облысындағы жергілікті әуе желілері бойынша тұрақты жолаушылар тасымалы 2011 жылы тоқтатылған болатын. Енді өңір билігі осы инфрақұрылымды қайта қалпына келтіріп, елді мекендердің көлік қатынасын жақсарту мақсатында шағын авиацияны дамытуды көздеп отыр.

В Атырау +2.9